Түркістанда мүгедектігі бар жандар үшін кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан қалалық Мансап орталығының ұйымдастыруымен кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Мансап орталығының директоры Райхан Нұридинқызының мәлімдеуінше, шараға 30-дан аса жұмыс іздеуші келген. Оларға мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары түсіндіріліп, тұрақты жұмыстарға жолдамалар берілді. Сондай-ақ, жәрмеңкеге қатысушылардың арасында тұрақты жұмысқа шақырту алғандар да болды. Солардың бірі Дәулет Нұрекешов CAPABLE GROUP мекемесіне, Сұңғат Маратұлы №9 Некрасов атындағы мектебіне жұмысқа орналасты.
Шара барысында 11 жұмыс беруші мекеме 38 бос жұмыс орнын ұсынды.
«Жалпы, жыл басынан бері орталықта 8 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда 2958 азамат тұрақты жұмысқа жолдама алды. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін жұмыспен қамту бағдарламалары жүргізіліп, нәтижесінде жыл басталғалы 20 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты» - делінген Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 100 мыңға жуық мүгедектігі бар тұрғын болса, оның 15 мыңдайы 18 жасқа дейінгі балалар.
Жаңа бизнес-идеяларды қолдау үшін 300-ден аса мүгедектігі бар адамға қайтарымсыз грант берілді. «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша жол картасына сәйкес 2021-2024 жылдар аралығында 1426 нысан бейімдеуден өтті. Сонымен қатар. партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзиялық спорт фестивалі ұйымдастырылды. Жұмысқа орналастырудан бастап, құқықтық, қаржылық, психологиялық тағы да басқа кеңес беру мақсатында «TEN QOGAM» орталықтары облыстың 15 аудан, қаласында ашылып азаматтарға қызметтер ұсынуда. Орталықта түрлі тренингтер, семинарлар, экскурсиялар ұйымдастырылуда.