Түркістанда нөмірленген 12 көше әлі атау алмаған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қазіргі таңда облыс орталығында 800-ден астам көше бар. Қала әкімдігі нөмірленген көшелерге алдағы уақытта жаңа атау беру жоспарланып отырғанын хабарлады. 

Түркістан
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан қаласының әкімдігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, бүгінде шаһарда 845 көше тіркелген. Оның ішінде 316 көше тарихи тұлғалардың есімімен аталса, 451 көше жер-су атауларына берілген. Сонымен қатар 48 көше дәстүрлі атауларға жатса, 18 көше этнос өкілдерінің атымен аталған.

Ведомство мәліметінше, 2018 жылы Түркістанда 330 көшеге атау берілген.

– Оның барлығы дәстүрлі және жер-су атаулары тізімінен алынған. Ал 2023 жылы нөмірленген бірнеше көшеге Күйбасар, Дәстүр, Майлытоғай, Аднан Мендерес, ал бір даңғылға Есім хан есімі атауы берілген, - делінген әкімдік ақпаратында.

Дегенмен әкімшілік-іскерлік орталықта 2023 жылы пайдалануға берілген 12 көше әлі күнге дейін атаусыз, тек нөмірмен белгіленген. Алдағы уақытта бұл көшелерге жер-су атауларын беру жоспарланып отыр.

– Нөмірленген 12 көшеге Ордалы, Ақотау, Ақкент, Ақсу, Сұңқар, Ақсай, Көкжар, Құлагер, Ақсарай, Байқоныс, Ақбұлақ және Хантәңірі сияқты атаулар беру көзделген, - деп хабарлады ведомство.

Көше тақтайшаларын ауыстыру мәселесі әзірге кейінге қалдырылған. Қала әкімдігі 2025-2026 жылдары бұл мақсатқа қаржы қаралмағанын, 2027 жылға талдау жүргізіліп, қаржы бөлуге сұраныс берілетінін мәлімдеді.

Бұдан бұрын көше атауларына арнайы тізімге енген дәстүрлі атаулар, жер-су атаулары, тарихи тұлғалардың ғана атаулары берілетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар