Түркістанда шенеуніктер цифрландырудан ақша жасап, миллиондаған сомада пара алған

пара
Фото: видеодан алынған кадр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы цифрландыру басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы жемқорлық үшін сотталды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Түркістан облысы цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы басшысы орынбасарының м. а. М. Мырзасейітовке, осы басқарманың бөлім басшысы А. Жолсейітовке және кәсіпкер Э. Исаковқа үкім шығарды.

2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың шілдесіне дейінгі кезеңде мемлекеттік органдарды ақпараттандыру және цифрландыру жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасасқаны, олар бойынша атқарылған жұмыс актісіне қол қою үшін жалпы сомасы 14,6 млн теңге болатын бірнеше рет пара алғаны және бергені үшін, сонымен қатар Жолсейітов бұдан басқа — пара беруге және алаяқтық жасауға итермелегені үшін кінәлі деп танылды.

Жолсейітов Төлеби ауданының цифрландыру бөлімінің басшысы лауазымына ауысқаннан кейін осындай әрекеттерді орындағаны үшін жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға беру сылтауымен Исаковтың 903 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені анықталды.

Аталған үкіммен Отырар ауданы әкімі аппаратының басшысы А. Мәулен конкурстың жеңімпазын анықтағаны және ауданның ауылдық округтеріне IT қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасағаны үшін Исаковтан 5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен Мырзасейітовке 8 жыл, Ысқақовқа — 7 жыл, Жолсейітовке — 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен бірге аталған адамдар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Сот Мәуленнің өліміне байланысты оған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты.

Үкім жарияланған кезде облыстық цифрландыру басқармасы ұжымы қатысып отырды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар
telegram