Түркістанда цифрлық әкімдік жұмыс істейді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Бүгінгі таңда Түркістан қаласында цифрлық трансформация мен заманауи технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынып келеді. 

Түркістанда цифрлық әкімдік жұмыс істейді
Фото: Цифрлық даму орталығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында: «Цифрландыру — мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, қоғаммен ашық диалог орнатудың негізгі тетігі болуы тиіс», — деп атап өткен болатын. Бұл — ел дамуындағы стратегиялық бағдарды білдіретін ұстаным.

Осы бағыттағы Түркістан қаласындағы маңызды бастамалардың бірі — тұрғындармен тікелей әрі жедел байланыс орнатуға арналған 109 — Бірыңғай байланыс орталығы. Бұл жоба — өңірдегі «ашық әкімдік» қағидатының нақты көрінісі. Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы халықтың мәселелерін жедел шешу, кері байланысты күшейту, тұрғындардың өтініш-тілектеріне уақытылы жауап беру — орталық жұмысының басты мақсаты.

Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасына қарасты «Цифрлық даму орталығы» КММ жанынан құрылған 109 бөлімінің техникалық іске қосылу мерзімі — 2022 жылдың 6 маусымы болса, ресми ашылу күні — 2022 жылдың 18 шілдесі. Қазіргі таңда бұл орталық Түркістан қаласы мен облыс аумағының халқы үшін тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетуде. Заманауи байланыс құралдарымен жабдықталған бөлім жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді әрі сенімді ақпарат көзіне айналып отыр.

— Орталықтың Түркістан қаласы бойынша жүргізген жартыжылдық есебіне көз жүгіртсек, 2025 жылдың алты айында қала тұрғындарынан 42 951 өтініш келіп түскен. Оның барлығы дерлік орындалған. Бұл — күн сайын жүздеген Түркістан қаласының тұрғыны түрлі мәселе бойынша 109 қызметіне жүгінетінін білдіреді. Байланыс құралдары бойынша өтініштердің басым бөлігі — 42 603 өтініш 109 қысқа нөмірі арқылы түскен. Сонымен қатар, WhatsApp желісі арқылы 315, Telegram бот арқылы 29, Instagram арқылы 2, мобильді қосымша арқылы 2 өтініш тіркелген, — дейді «Цифрлық даму орталығы» КММ директор орынбасары Жансая Айкенова.

Түркістанда цифрлық әкімдік жұмыс істейді
Фото: Цифрлық даму орталығы

Түркістан қаласының тұрғындарынан келіп түсетін өтініштер мазмұнына қарай бірнеше санатқа жіктеледі. Соның ішінде 33 527 өтініш кеңес беру сипатында, 9 401 өтініш нақты оқиғалар мен оқыс жағдайларға байланысты тіркелген. Сонымен бірге, 2 арыз, 18 алғыс, 3 ұсыныс келіп түскен.

Өтініштер мазмұнын талдау арқылы Түркістан қаласының әлеуметтік инфрақұрылымында шешімін күткен өзекті мәселелер де айқындалады. Атап айтқанда, қала тұрғындары электр жарығы бойынша — 22 562 рет, ауыз су мәселесі бойынша — 2060 рет, ветеринариялық қызмет бойынша — 1566 рет, көше жарығы бойынша — 1200 рет өтініш білдірген. Сонымен қатар, көгалдандыру мен тал қырқу (964 өтініш), қоғамдық көлік қозғалысы (807 өтініш), газбен қамту (756 өтініш), қоқыс шығару (661 өтініш), жол инфрақұрылымы (611 өтініш) мәселелері бойынша да тұрғындар жиі хабарласады. Бұл — Түркістан қаласы үшін ең өзекті салалар екенін көрсетеді.

Орталықтағы әрбір өтініш автоматты түрде тіркеліп, «Aikey» ақпараттық жүйесі арқылы өңделеді. Бұл жүйе бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді: операторлар, инспекторлар, орындаушылар, аналитиктер және методологтар. Жұмыс процестерін техникалық сүйемелдеу «TEQ WORLD» компаниясына жүктелген. Түркістан қаласының тұрғындары үшін бұл — тек байланыс қызметі ғана емес, нақты нәтиже мен жауапкершілікке негізделген тиімді құрал.

Түркістанда цифрлық әкімдік жұмыс істейді
Фото: Цифрлық даму орталығы

Бүгінде орталықта 41 қызметкер штаттық режимде еңбек етуде. Жалпы, «Цифрлық даму орталығы» КММ құрамында 6 бөлім, 82 штат бірлігі қарастырылған. Орталық қызметі тұрғындар үшін тегін және тәулік бойы қолжетімді.

— 109 — Түркістан қаласы мен облыс тұрғындарының дауысы билікке жететін, мәселе көтерілетін, шешім қабылданатын нақты алаңға айналды. Әрбір өтініштің артында нақты адам, нақты мәселе, нақты тағдыр бар екенін ескерсек, бұл орталықтың маңызы орасан. Түркістан қаласында тұрғындар белсенділігі мен сенімі артқан сайын, 109 қызметінің де әлеуеті арта түспек. Жалпы Орталық іске қосылғалы бері облыс көлемінде жалпы саны 638 703 өтініш тіркелген. Оның ішінде 619 401 өтініш уақытылы орындалып, жабылу көрсеткіші 96,9 пайызды құрап отыр. Ал 2025 жылдың басынан бері 93 347 өтініш қабылданып, оның 91 740-ына дер кезінде жауап берілген. 349 өтінім орындалу барысында. Бұл — орталықтың жұмыс сапасы мен тиімділігін айғақтайтын маңызды көрсеткіш, — дейді Жансая Айкенова.

Түркістан қаласындағы 109 — бұл цифрлық мемлекет пен қарапайым халық арасындағы тиімді әрі сенімді көпір. Әрбір өтініш — тұрғынның үні. Ал бұл үнге құлақ түру — билік пен қоғам арасындағы өзара сенімнің басты кепілі.

Бүгінде Түркістан қаласы «Ақылды қала» қағидатына сай дамып келеді. Бұл ұғым — тек технология мен цифрландыру ғана емес, халықтың өмір сүру сапасын арттырудың кешенді жүйесі. 109 Бірыңғай байланыс орталығы осы қағидатты іске асыратын негізгі құралдардың бірі ретінде тұрғындармен кері байланысты жедел, ашық және жүйелі жүргізуге жол ашып отыр. Ақылды шешімдер — Түркістанның келешегі үшін жасалып жатқан нақты істердің айғағы.

Айта кетейік, бұдан бүрын «Ақылды қала» қағидаты бойынша Түркістанның жаңа даму кезеңі басталғанын жазған болатынбыз.