Түркістанда тұрғындар жайылым жердің жекеге өтіп кеткеніне наразылық білдірді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты Төңкеріс елді мекенінің тұрғындары ауыл маңындағы ортақ жайылым жерлердің жекенің қолына өтіп кеткеніне наразылық білдірді.
Олардың айтуынша, бұрын мал еркін жайылатын аумақтар бүгінде қоршалып, халыққа қолжетімсіз болып қалған.
Әлеуметтік желіде тараған видеоларда тұрғындар кейбір жер телімдерінің бетонмен қоршалғанын айтып, тіпті өзен арнасының да жалға берілгенін алға тартқан. Олар бұл жағдайдың заңдылығына күмән келтіріп отыр.
Тұрғындардың айтуынша, жайылым тапшылығы салдарынан мал жаю қиындаған. Осыған байланысты олар жайылым жерлерді халық игілігіне қайтаруды талап етіп, құзырлы органдардан тексеру жүргізуді сұрады.
Осы мәселеге байланысты Kazinform тілшісіне Төлеби ауданы әкімдігі ресми түсінік берді.
Әкімдік мәліметінше, Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Төңкеріс елді мекеніндегі «Балдыберек-Агро» ЖШС-не тиесілі жалпы алаңы 73,37 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің бір бөлігі нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған.
– Осыған байланысты Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2026 жылғы 10 сәуірде жалпы көлемі 952,2 шаршы метр жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы ұйғарым шығарған. Аталған ұйғарымға сәйкес, 15 сәуірде «Балдыберек-Агро» ЖШС-не қарасты аумақта нұсқамада көрсетілген кемшіліктердің жойылу-жойылмауын анықтау мақсатында тексеру жүргізу жоспарланды, – делінген ведомствоның ақпаратында.
Осыған орай Төңкеріс елді мекенінде Қаратөбе ауылдық округінің 40 тұрғыны қатысқан көшпелі сот отырысы өтті. Онда тұрғындар жайылым жердің заңсыз қоршалғанын, кәріз жүйесінің жүргізілгенін және өзен аумағының жеке кәсіпкерге жалға берілгенін айтып, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды талап еткен.
– Отырыс қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жөнінде тұрғындардың қатысуымен хаттама әзірленіп, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жолданды. Қазіргі таңда сот процесі жалғасып жатыр. Нақты шешім сот талқылауы аяқталғаннан кейін қабылданады, – деп мәлімдеді аудан әкімдігі.
Бұдан бұрын Төлеби ауданында демалыс аймағына қомақты қаржы салған 40-қа жуық кәсіпкер жерінен айырылу қаупіне тап болғанын жазған едік.