Түркістанда валюталық заңнаманы бұзған кәсіпорын 175,9 млн теңге айыппұл төлейді

АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысында экспорттық валюталық түсімді елге қайтару талабын орындамаған кәсіпорынға 175,9 млн теңге айыппұл салынды.

Инвестпроект на 12 млрд тенге защитили в области Абай после вмешательства прокуратуры
Фото: Kazinform

Облыс прокуратурасының мәліметінше, валюталық заңнаманың сақталуына жүргізілген талдау барысында «ТУРАН АГРО ЕТ-СҮТ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің экспорттық түсімді Қазақстандағы банктік шоттарға қайтару міндеттемесін орындамағаны анықталған.

Кооператив пен Өзбекстанның «JAM MAX» ЖШС арасында жасалған сыртқы экономикалық келісімшарт аясында 1 млн 766 мың АҚШ долларынан астам сомаға тауар экспортталған. Алайда шетелдік серіктес жеткізілген өнім үшін төлем жүргізбеген.

«Соның салдарынан кооператив экспорттан түскен валютаны Қазақстан Республикасындағы уәкілетті банктердегі шоттарға қайтару жөніндегі заң талаптарын орындамаған. Осыған байланысты кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 251-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Бірінші сатыдағы сот 8,65 млн теңге көлемінде айыппұл белгілегенімен, прокуратура материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын анықтап, апелляциялық өтінішхат енгізді», – деп хабарлады Түркістан облысының прокуратурасы.

Апелляциялық сот прокуратураның уәждерін қолдап, бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгертті. Нәтижесінде әкімшілік айыппұл көлемі заң талаптарына сәйкес 175 млн 946 мың теңге болып белгіленді.

Прокуратураның мәліметінше, қабылданған шаралар мемлекет мүддесін қорғауға мүмкіндік берген.

Айта кетейік, Алматыда қолжетімді орта талаптарын сақтамағандарға 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды.