Түркістанда «Voice of Turan — 2026» халықаралық фестивалі өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 25-27 қыркүйек аралығында Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде халықаралық «Voice of Turan — 2026» қазақ әндері фестивалі өтеді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл жетінші рет ұйымдастырылатын фестивальге Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Тыва, Грузия, Армения, Мексика, Марокко, Куба, Гвинея, Қарачай Республикасы, Башқұртстан және Бразилия елдерінен келген өнерпаздар қатысады.
Фестивальдің негізгі мақсаты — қазақ музыкасын халықаралық деңгейде насихаттау, Ұлы далада қалыптасқан ән өнерін әлемдік мәдени кеңістікке шығару және Түркістанды түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығы ретінде таныту.
Өз кезегінде жобаның бас продюсері Мейіржан Алиакбаров байқаудың ерекшелігіне тоқталып өтті.
— Бұл доданың басқа байқаулардан ерекшелігі — кәсіби вокалдық байқау емес. Бұл — қазақ әндерін орындаушылардың байқауы, яғни орындалатын шығармалардың дені — халық әндері мен Қазақстан композиторларының туындылары. Мұнда дауыс диапазоны кең, әнді бар мүмкіндігімен шырқап, вокалдық қабілетін көрсететін орындаушы емес, қазақ әнін барынша жүрегіне сіңіріп, көрерменге жеткізе білетін әнші жеңіске жетеді, — деді ол.
Фестивальдің алғашқы күні, 25 қыркүйекте «Zhibek zholy әуендері» гала-концерті өтеді. Кеште Қырғызстан, Әзербайжан, Башқұртстан, Тыва, Қарақалпақстан мен Өзбекстаннан келген әншілер және қазақстандық танымал өнерпаздар өнер көрсетеді.
26 қыркүйекте фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі және «Жұлдызды жұп» кезеңі ұйымдастырылады. Бұл күні шетелдік қатысушылар қазақстандық өнер шеберлерімен бірге қазақ әндерін және заманауи шығармаларды орындайды.
Ал 27 қыркүйекте негізгі байқау — «Қазақ әні» кезеңі өтеді. Қатысушылар халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын кәсіби қазылар алқасы мен көрермен назарына ұсынады.
Сондай-ақ бағдарламада концерттерден бөлек қолөнершілер ауылы, түркітілдес елдер дизайнерлерінің шеруі және өзге де мәдени іс-шаралар қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында екінші мәдени-туристік Flamingo Fest фестивалі өткені туралы жазғанбыз.