Түркістанда жаңа перинаталдық орталық ашылып, 570 орындық аурухана салынып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында медициналық және тұрғын үй инфрақұрылымы жаңартылып, Кентау қаласының жылу желілері қайта жаңғыртылуда. Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар нысанның құрылыс барысымен және дайындық деңгейімен танысты.
Атап айтқанда, Нұрлыбек Нәлібаев Кентау қаласындағы № 5 жылу электр орталығының жұмысымен және жылу желілерін жаңғырту барысымен танысты. 1952 жылы пайдалануға берілген жылу электр орталығы қала тұрғындарын, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды жылумен қамтамасыз ететін негізгі нысан болып саналады. 2024 жылы стансадағы № 7-12 қазандықтар жаңғыртылып, технологиялық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Сондай-ақ ұзақ уақыт тоқтап тұрған ТГ-6 турбинасы қайта іске қосылды.
Қаланы жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру үшін 14,5 шақырым магистральдық және 14,6 шақырым орамішілік жылу желілері қайта жаңғыртылуда.
Түркістан қаласындағы заманауи медициналық нысандарды аралау алдымен 80 орындық № 3 перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратынан басталды. Жоба Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында «Абу-Даби» даму қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылуда.
Кешен төрт блоктан тұрады, жүктілік патологиясы бөлімі, босанғаннан кейінгі бөлім, босану және операция залдары, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, сондай-ақ шала туған нәрестелерді күтуге арналған орындар қарастырылған.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 100% аяқталған. Медициналық жабдықтарды сатып алу екі кезеңмен жүргізіледі, бүгінгі қамтамасыз ету деңгейі 75%. Нысанды желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр, іске қосылғанда 70 жаңа жұмыс орны ашылады.
Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухана құрылысы жалғасуда. Қазір нысанның дайындық деңгейі 88%, мұнда 300 адам еңбек етуде. Бұдан бөлек, Нұрлыбек Нәлібаев Түркістанның әкімшілік-іскерлік орталығында салынған 26 бес қабатты тұрғын үйді аралап көрді. Тұрғын үйлердің құрылысына 28,2 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары өткен жылы шілдеде басталып, биылғы мамырда аяқталған. Жаңа тұрғын үйлерде 1 039 пәтер бар.
Сапар қорытындысы бойынша жауапты басшыларға құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету және белгіленген мерзімдерді сақтау, Кентау қаласының жылу желілерін жаңғыртуды қаржыландыру мәселесін шешу, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын іске асыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, Нәлібаев «Түркістан» бу-газ қондырғысын уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.