Түркістанда жас көшеттер қурап кетті: Әкім мәселені қалай шешпек
Түркістанда қурап кеткен ағаш көшеттері қайта егілетін болды. Бұл туралы қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлім етті, деп хабарлайды Кazinform.
Әлеуметтік желіде Түркістан қаласындағы саябақтар мен аллеяларға отырғызылған көшеттер қурап жатқаны туралы мәселе көтерілген болатын. Бұл туралы Кazinform да жазды.
26 қазан күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтен қураған көшеттер жайын сұрадық.
«Қурап кеткендерін әлеуметтік желіден көріп отырмын. Мерзімі өтпесе, барлығын мердігер мекемелерге қайта жасатамыз. Қазір келісім бар. Биыл 220 мың түп ағаш егеміз деп жоспарлап отырмыз. Соның ішінде 56 мың түпті мердігер мекемелер өздері егеді. Көгалдандыру ісінде жасалып жатқан жұмыстар қазір көрініп жатыр. Алдағы екі-үш жылда одан да жақсырақ болады. Есік алдына еккен ағаш та 100 пайыз өнбейді гой. Масштабты жұмыстың арасында да қурап кету – кездесетін құбылыс. Әрине, соны сол мердігер қайтадан өзі ретке келтіретін болады», – деді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.