Түркістанда жол апатынан екі адам қаза тауып, тағы бірі ауруханаға жатқызылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысының Төлеби ауданында болған жол апатынан екі адам көз жұмды. Тағы бір адам ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Түркістанда жол апатынан екі адам қаза тауып, тағы бірі ауруханаға жатқызылды
Фото: жергілікті тұрғын Самат Ахметжанов

Алдын ала мәлімет бойынша, «Lihiang» автокөлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, «ВАЗ-2114» көлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан «ВАЗ-2114» көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Көліктің тағы бір жолаушысы медициналық мекемеге жатқызылды.

Ханарық ауылының тұрғыны Самат Ахметжановтың айтуынша, қаза тапқандардың бірі 1999 жылы, екіншісі 2007 жылы туған. Ауруханаға 1999 жылы туған азамат жеткізілген.

— «Lihiang» көлігінің жүргізушісі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаменті.

Тергеу қорытындысы бойынша заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, қауіпсіз жылдамдықты таңдауға және жолда мұқият болуға шақырды.

Бұған дейін Қызылорда облысында жол апатынан екі адам қаза тапқанын жазған едік.