Түркістандағы атышулы жобаның көбіне 2022 жылдан бері қаржы бөлінбей қалған – облыс әкімі

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде орталықтағы атышулы жобаның көбіне 2022 жылдан бері қаржы бөлінбей қалғанын, сондықтан олармен байланысты дау көбейіп кеткенін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Дархан Сатыпалды
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

«Түркістан облысының дамуына мемлекет бюджетінен миллиардтаған қаражат бөлінді. Алайда бағанадан бері әріптестерім көп жобаның, нысандардың құрылысы неге созылып кеткенін сізден сұрап жатыр. Не себепті деп, анализ жүргізіп көрдіңіздер ме? Жалпы әлеуметтік және экономикалық тұрғыда облыс орталығын Түркістанға көшіру ісі қаншалықты өзін-өзі ақтады», - деп сұрады БАҚ өкілі.

Аймақ басшысы қазір өңірдің өмірі 90 пайыз республика бюджетінен түсетін қаражатқа тәуелді екенін айтты.

«Шешім қабылданды. Облыс орталығы көшкен. Ары қарай орталықты қалыптастыруға жай-жай ақша шығындамай, еш нәрсе болмайды. Сол себепті, көптеген жоба іске асырылған. Былайша айтқанда, солардың көбі 2022 жылы қаржыландырудан тоқтап қалған деп айтсақ болады. Оған өзіміздің жергілікті бюджеттің қаражаты жетпейді. 90 пайызға жуық республикалық бюджетке тәуелдіміз. Сондықтан, біз қазір рет-ретімен шешіп отырмыз. Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілсе де, оның жер астындағы инфрақұрылымы әлі бітпеген. Бірінші кезекте біз солардың бәрін бітіруіміз керек. Қазіргі таңда каналда құрылыс жұмыстары жартылай тоқтап қалған. Көл жайлы да сұрақ қойылды. Ол да тоқтап қалған. Ол да қаржының тапшылығына байланысты. Егер беріп жатса, оның бәрін жалғастырамыз. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамаларын қайта қарауға байланысты созылды. Қайтадан қаралғаннан кейін оған қайтадан сараптама жасалуы керек. Бірақ оған биыл 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлдік. Оны бітіреміз», - деді әкім.

Сондай-ақ, ол өңірдің 2 миллионға жуық тұрғыны ауылда өмір сүріп жатқанын еске салды.

«Жалпы дұрыс шешім. Өйткені фокус болады. Ауылды жерлерге де қарау керек. Бізде 2,2 млн-ға жуық халық болса, соның 2 млн-ға жуығы ауылды жерде тұрады. Ендігі кезекте, жақсы бағдарламалар іске асырылып жатыр. Біздің президентіміздің тапсырмасына сәйкес, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы ауылды елді мекендерге жетіспейтін инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету. Соның арқасында біз мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Жоқ жерде жол салып отырмыз. Соның арқасында халықтың газын, суын, жарығын тартып бердік. Әрбір елді мекенде. Оған қыруар қаржы жұмсалып жатыр. Одан бөлек «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауылды жерлерге назар аударып, ауылдағы жастарға өздерінің табысын арттыруға мүмкіндік берудеміз», - деді Дархан Сатыбалды.