Түркістандағы Күлтөбе қалашығын абаттандыру жобасы неге әлі аяқталмады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістандағы Күлтөбе қалашығында төрт күмбездің құрылысы 2025 жылы аяқталды. Енді қалашық аумағын толық абаттандыру жобасын іске асыру үшін ЮНЕСКО-ның келісімін алу қажет. Бұл туралы Түркістан облысының әкімдігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде орналасқан Күлтөбе қалашығының тарихы б. з. д. III ғасырдан басталады. Мұнда ашық аспан астындағы заманауи археологиялық парк құру жоспарланған.
Ресми мәліметке сәйкес, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру және қалашыққа күмбез орнату жұмыстары 2021 жылы басталған. Кейін археологиялық парктің құрылысын 2024 жылы аяқтау жоспарланғаны хабарланды. Алайда қалашық аумағын толық абаттандыру жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, 2021-2025 жылдары «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру» жобасы аясында төрт күмбез орнатылған. Мердігер — «Bazis Construction» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталып, нысан мемлекеттік қабылдау актісімен қабылданған.
Ал төрт күмбез орналасқан аумақты қоса алғанда, жалпы көлемі 8,9 гектар болатын Күлтөбе қалашығын абаттандыру үшін жаңа жоба әзірленді.
— Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2026 жылғы қыркүйекте мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны — 3,6 млрд теңге, — делінген әкімдік жауабында.
Жоба аясында визит-орталық, музей және кәдесый павильондары, субұрқақтар, ақпараттық тақталар, жарықтандыру бағаналары, көлеңкелі галереялар мен жарнамалық қалқандар орнату қарастырылған.
— Қазіргі уақытта жобаны іске асыру үшін ЮНЕСКО-ның келісімін алу мақсатында әкімдік тарапынан «Әсерді бағалау есебін» әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келісім алынғаннан кейін жоба қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес іске асырылады, — деп хабарлады облыс әкімдігі.
Бұған дейін Ясауи кесенесінің күмбезін реставрациялау қалай жүріп жатқанын жазған едік.