Түркістандағы технологиялық паркте 100-ден астам тұрғын жұмыспен қамтылады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Технологиялық парк аймақтың экономикалық және индустриялық дамуы үшін стратегиялық маңызды жобалардың біріне айналмақ. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарды ІТ саласында оқытып, тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық береді.
Жоба шеңберінде электроника, компьютерлік жабдықтар, электр жабдықтары, оптикалық кабельдер, тұрмыстық техника және электромобильдерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсету орындарын, сондай-ақ электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын құру көзделіп отыр. Осы арқылы ІТ саласында Түркістанның өз бренді қалыптаспақ.
Сонымен қатар технологиялық парктің құрамында осы өнімдерге қызмет көрсету орталықтары мен кадрларды оқыту және дамыту орталықтары да жұмыс істейтін болады. Бұл инновациялық орталық аймақтағы жоғары технологиялар саласын дамытуға ықпал етіп, жергілікті мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Технологиялық парк тек өндірістік қуатты арттырумен шектелмей, аймақты жаңа технологиялық инновациялардың орталығына айналдыруға, шетелдік инвестицияларды тартуға және өңірдегі экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға септігін тигізеді. Жоба жүзеге асқан жағдайда, жаңа жұмыс орындары ашылады.
«Мемлекет басшысы биылғы жолдауында еліміз цифрландыру саласындағы қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуі тиістігін баса айтқан болатын. Осыған орай Түркістан облысында бірқатар қарқынды жұмыс жалғасуда. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасының ІТ компания өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Басқосуда компания өкілдерімен технологиялық парк ашу туралы келісім-шартқа қол қойылды» - деді облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков.