Түркістандағы велостанциялар неге жұмыс істемей тұр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласында 2019 жылдың қараша айында пилоттық жоба ретінде іске қосылған Turkistan bike велошеринг жүйесі биылдан бері тоқтап тұр. Жауапты мекеменің мәліметінше, бұған жобаны қаржыландыру көлемінің жеткіліксіздігі себеп болған.

велосипед
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Жоба аясында қала аумағында 40 велосипедтен тұратын парк пен 5 автоматтандырылған велостанция пайдалануға берілген болатын.

Қазіргі таңда велостанциялар Гүлдер саябағында, Лотос гүлінің бейнесіндегі субұрқақ маңында, Түркістан қаласы әкімдігі ғимаратының жанында, Арбат-2 аумағында және «Түркі бағы» саябағында орналасқан.

Велосеруенді тұрақты әдетке айналдырған қала тұрғыны Ғалия Бисейіттің айтуынша, қалалық велошеринг жүйесі тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

– Саябақтардағы жеке прокат қызметтері көбіне белгілі бір аумақпен шектеледі әрі тұрақты жұмыс істей бермейді. Әдетте тек кешкі уақытта немесе демалыс күндері ғана ашылады. Таңертең ерте немесе түнде серуендегенді ұнататындар үшін олар қолжетімсіз. Ал Turkistan bike тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді әрі велосипедті бір нүктеден алып, басқа бекетке қалдыруға мүмкіндік береді. Бұл тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетеді. Түркістанда мұндай жүйе имидждік жоба емес, тұрмыстық қажеттілікке айналуы қажет, – деді ол.

Ал табиғат жанашыры Ғани Назарбектің пікірінше, қалада велосипед пайдаланушылар саны көп болғанымен, оларға арналған инфрақұрылым әлі де жеткіліксіз.

– Қоғамдық орындарда велосипед қоятын арнайы тұрақтар аз. Сондай-ақ аулаларда велосипедке арналған қолайлы орта толық қалыптаспаған. Мұндай жағдайлар веломәдениеттің дамуын тежейді, – деді ол.

Велошеринг жүйесі жұмыс істеген кезде айлық абонемент құны 2000 теңге болған. Пайдаланушы шотындағы ең төменгі қалдық мөлшері – 500 теңге. Абонемент иелері 30 минутқа дейінгі сапарларды шектеусіз пайдалана алады. Белгіленген уақыттан асқан жағдайда қосымша тарифтер қарастырылған.

а
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Жобаға техникалық қызмет көрсетіп келген VB Company ЖШС директоры Алмагүл Қасымованың мәліметінше, жүйе жеті жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп, әсіресе туристер мен жастар арасында сұранысқа ие болған.

– Жыл сайын шамамен 850-1000 тұрақты пайдаланушы тіркелетін. Алайда биыл Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілмеуіне байланысты Turkistan bike іске қосылмады, – деді компания басшысы.

п
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Түркістан қаласы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Түркістан жол қызметі» КММ мәліметінше, велошеринг жүйесін жүзеге асыруға 2021 жылы 21,3 млн теңге, 2022 жылы 20 млн теңге, 2023 жылы 20,23 млн теңге, ал 2024 және 2025 жылдары 25,5 млн теңге қаржы бөлінген.

в
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Мекеме дерегіне сәйкес, 2026 жылы жобаны іске асыруға 10 млн теңге қарастырылған. Алайда бұл қаржы жеткіліксіз болғандықтан, әлеуетті мердігерлер конкурсқа қатысуға қызығушылық танытпаған.

– Қазіргі уақытта қала әкімдігі тарапынан қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Қажетті қаражат бөлінген жағдайда мемлекеттік сатып алу талаптарына сәйкес ашық конкурс жарияланады, – делінген мекеме жауабында.

Бұған дейін еліміздегі велосипед пен самокатты жалға алу құны туралы жазған едік.