Түркістандағы жаңа саябаққа әнші Димаш жолдаған ағаш отырғызылды
Түркістанда жаңа саябақ ашылды, деп хабарлайды Kazinform.
Елімізде алғаш рет «ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің» саябағы ашылды. Мұндағы басты ерекшелік - 30 жерде QR кодтар орналастырылған. Азаматтар бұл кодтарды сканерлеу арқылы елімізде қаржылық пирамида ретінде танылған ұйымдардың толық тізімін көре алады.
Шара барысында саябақтың сәнін келтіретін 100-ден астам ағаш көшеттерін отырғызу рәсімі өтті. Ондағы ағаштарды еліміздің 20 облыс-қалаларындағы экономикалық тергеп-тексеру департаменттері жолдаған. Сонымен қатар, Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеновтің де арнайы жолдаған ағаш көшеті егілді.
Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев және облыстағы барлық жастар орталықтарының басшылары арнайы қатысты.
Іс-шарада өнерпаз жастар әсем әндері орындап, мың бұрала би билеп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Айта кетейік, Түркістан облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен жүзеге асқан жоба әзірге тек Түркістан қаласында ғана бар.