Түркістандық диқандар мақтаның жаңа сортын өсіріп жатыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен көршілес елдердің мақта өсіретін инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп, қолайлы келісімдер жасалған болатын. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі – «Global textile» компаниясы 2023 жылдан бастап Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеп келеді. 

Түркістандық диқандар мақтаның жаңа сортын өсіріп жатыр
Фото: Мақтаарал ауданы әкімдігі

Биыл екінші жыл қатарынан Мақтаарал ауданы әкімдігімен бірлесе отырып сапасына кепілдік берілген мақта тұқымын шаруаларға таратып, ол үшін заң аясында қажетті келісім-шарттар жасалды. Аталған компания Мақтаарал ауданындағы 3 мың гектарға жуық жерге өзбекстандық «Наманган» тұқым сортын жеткізді. Енді күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр.

Жуырда «Global textile» компаниясының өкілдері қуанышты жаңалықты бөлісті. Мақтаарал ауданына мақтаның «Наманган-77» сорты жерсініп қана қоймай, жайқалып өсе бастаған. Мақтаның бір бұтасында 20-дан астам жеміс элементтері (бүршіктер, гүлдер) дамуда. Мамандар бәрі жоспардағыдай болса, Мақтаарал ауданында мақтаның гектарынан 50 центнерден жоғары өнім алынатынын болжап отыр. Бір айта кететін жайт, мақтаның көлемі ғана емес, сапасы да жақсаруда.

«Global textile» – мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитын компания. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорынында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Түркістан облысыәкімдігі мен инвестор бірігіп, Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасы дайындалған. Құны 21 миллиард теңге құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады деген мақсат бар.

Бүгінде «Global textile» компаниясы Мақтаарал ауданында өздерінің алғашқы мақта қабылдау пунктін ашып жатыр.

Соңғы жаңалықтар