Түркістандық мұғалімдер мектептегі ақша жинау мен қысымға қатысты дабыл қақты
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Төлеген Тәжібаев атындағы № 67 жалпы білім беретін мектептің ұжымы ашық үндеу жариялап, мектепте жүйелі түрде ақша жиналатынын және басшылық тарапынан қысым көрсетілетінін мәлімдеді. Облыстық білім басқармасы жағдайды тексеруге арнайы комиссия жіберді.
Мектеп ұжымының үндеуінде педагогтер мен қызметкерлер мектеп директоры тарапынан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, мұғалімдер мен оқушылардың ата-аналарынан түрлі қажеттіліктерге ақша жүйелі түрде жиналған.
Сонымен қатар педагогтер ұжымға психологиялық қысым жасалғанын, жекелеген қызметкерлерге қатысты қысым көрсету сипатындағы әрекеттер болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ кейбір бұйрықтардың кейіннен, яғни кері күнмен рәсімделуі және құжаттарды бұрмалау белгілері болуы мүмкін екенін айтты.
— Аталған фактілерді растайтын банк аударымдары туралы мәліметтер, WhatsApp-тағы хат алмасулардың скриншоттары, құжаттардың көшірмелері және басқа да материалдар бар. Біздің мақсатымыз — алдын ала біреуді кінәлі деп тану емес, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етіп, айтылған фактілерге тәуелсіз құқықтық баға беру. Жан-жақты қаржылық аудит жүргізіп, құжаттар мен бұйрықтардың заңдылығын тексеруді, сондай-ақ еңбек құқықтарының бұзылуына құқықтық баға беруді сұраймыз, — деді мектеп ұжымы өкілдері.
Педагогтер тексеру барысында құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, материалдарды құзырлы құқық қорғау органдарына жолдауды сұрады.
Түркістан облысының білім басқармасы мектеп ұжымының үндеуіне байланысты Сарыағаш ауданына арнайы комиссия жіберілгенін хабарлады.
— Қазіргі уақытта көтерілген мәселелер белгіленген тәртіппен зерделеніп жатыр. Барлық жағдайды жан-жақты әрі объективті анықтау үшін комиссия құрылып, тиісті жұмыстар ұйымдастырылды. Тексеру барысында барлық тараптың ұстанымы ескеріліп, қолда бар құжаттар зерделенеді, — деп хабарлады ведомство.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша мектеп ұжымына ресми жауап беріледі.
Бұған дейін Қызылорда облысында жекеменшік мектеп мұғалімдерінің еңбек құқықтарының бұзылуына, соның ішінде еңбек демалысы төлемдерінің берілмеуіне қатысты шағымдар көбейгені хабарланған болатын. Бірінші жартыжылдықта мұндай өтініштердің саны 15 пайызға артқан.