Түркістандық полицейлер асыраушысынан айрылған көпбалалы отбасына сыйлықтар тарту етті
Түркістандық полицейлер асыраушысынан айрылған көпбалалы отбасына жаңа жылдық сыйлықтар тарту етті, деп хабарлайды Kazinform.
Әлеуметтік желіде көмекке мұқтаж жалғызбасты көпбалалы ана туралы видео тараған болатын. Онда кішкентай үйді паналап отырған отбасының мүшкіл хәлі баяндалған. Үйінде азық-түліктің жоқтығы және ұл-қыздарының киімге мұқтаж екендігі көрсетілген. Тіпті, суық үйдегі 5 адам бір көрпе жамылып жатқаны баяндалады.

Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен ардагерлері 4 перзентті жалғыз өзі асырап отырған Әлия Әлжанованың үйіне арнайы барып, сыйлықтар табыс етті. Онда көрпе, жастық, азық-түлік пен балаларға арналған тәттілер бар. Сондай-ақ, ыдыс-аяқ пен үлкен теледидар және бір қой сыйлады.
Жалғызбасты ана да тәртіп сақшыларының ізгі амалдарына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
