Түркістандық полицейлер трассаларда тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Тәртіп сақшылары қар құрсауында қалған 200-ден астам жүк көлігін қауіпсіз жерге шығарды.
Түркістан облысында күн райы күрт суытып, қалың қар түсуіне байланысты жолдар жабылып, жол қозғалысына қиындық тудырып жатыр. Сондықтан, полиция қызметкерлері оқыс оқиғалардың алдын алып, жолда қалғандарға көмек қолын созу мақсатында күшейтілген күн тәртібінде қызмет етіп жатыр. 12 сағат ішінде тәртіп сақшылары қар құрсауында қалған 200-ден астам жүк көлігіне көмектесіп, қауіпсіз жүрге алып шықты.

- Ауа райының қолайсыздығына байланысты полицейлер алдағы уақытта да тәулік бойы жолды патрульдеп, қызметтерін жалғастыратын болады, - деді Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, кеше Жамбыл облысы шекарасынан Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылы аумағында транзиттік жүк автокөлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізілген болатын. Кейіннен жол ашылып, көлік қозғалысы қалыпқа келгенін жаздық.
Ал Қазығұрт асуында жүк көлігі жолдан тайып, жолды жауып қалды.