Түркістандық шаруалар мақта бағасына қатысты наразылық білдірді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында жылдар бойы қордаланған өзекті мәселелер шешімін табу үшін облыс шаруалары мен құзырлы мекеме өкілдері бас қосты.
Жиында шаруалар мақта зауыттарындағы биылғы бағаны сөз етті. Әр зауытта түрлі баға белгіленгенін айтып, бұл мәселені бір жүйеге түсіру керектігін жеткізді. Келесі жылы зауыттар тарапынан ұсынылатын келісімшартта мақта бағасы көрсетілсе, өздеріне тиімді шартты таңдау шаруаларға да қолайлы болатын еді деген ұсыныс айтылды.
– Бұл мәселе кеше немесе бүгін туындаған жоқ. Жылдар бойы айтылып келеді. Сіздерден өтінеріміз, зауыттар арасында алдын ала өзара сөз байласу болмай, әділ бәсекелестік орнап, шаруалар да өз өнімін лайықты деңгейде өткізуге мүмкіндік алса дейміз. Осыған назар аударып, заңдылығын қамтамасыз етулеріңізді сұраймыз, – деді шаруалар.
Басқосуда облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов дихандардың талап-тілегін тыңдап, заң талаптарының сақталуына мониторинг жүргізілетінін, нәтижесіне қарай тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.
Ал облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өкілетті орган өкілдеріне кәсіпкерлердің құқығымен қатар шаруалардың құқығы да заңмен қорғалатынын ескертіп, көтерілген мәселелердің заңдылығын саралау барысында екі тарапқа оңтайлы ортақ келісім қажеттігін алға тартты.
– Мәселе ашық айтылса, асқынбайды. Десек те, барлығы заң аясында, тәртіппен шешілуі тиіс. Осы мақсатта бүгінгі кездесуге заң өкілдерін арнайы шақырдық. Келесі жылы келеңсіздіктерге жол бермеу үшін бүгінгі талқылау маңызды. Заң мен тәртіп баршамызға ортақ, – деді ол.
Жиында белгілі болғандай, биыл Түркістан облысында мақта өңдейтін 26 кәсіпорын 178 бекет арқылы 428 мың тонна өнім қабылдаған. Мақта бағасы өнім сапасына қарай 250-270 тг аралығында сақталған.
Бүгінде республика бойынша өндірілген мақтаның 100% облыстың еншісінде. Өңірде мақта шикізатына экспорттық тәуелділікті жою бағытында 5 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бұрын Түркістан облысында шитті мақтаны өсіру және терең өңдеу бойынша инвестициялар туралы келісім жасау мақұлданғанын жазған едік.