Түркістандықтар батыс өңірлеріне гуманитарлық көмек жіберді

көмек
Фото: Түркістан өңірлік коммуникация қызметі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Мақтааралдан 80 тонна гуманитарлық көмек батыc өңірлеріне жіберілді. 

«Күшіміз бірлікте» деп ұрандатқан Мақтаарал ауданының тұрғындары екі күнде Мырзакент пен Атакент ауылдарына қойылған жүк көліктерін затқа толтырды. Гуманитарлық көмектің ішінде азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, төсек-орын, ыдыс-аяқ пен гигиеналық құралдар секілді өмір сүруге ең қажетті заттар бар.

Мақтараал
Фото: Түркістан өңірлік коммуникация қызметі

Су тасқынынан зардап шегіп жатқан өңірлерге жекелеген елдімекендердің, еріктілердің бастамасымен де түрлі гуманитарлық, ақшалай көмектер де жіберілуде. Оның ішінде 2020 жылы тасқын судан зардап шеккен Өргебас, Жеңіс, Фирдоуси елді мекендерінің тұрғындары белсенділік танытып жатыр. 

Жетісай
Фото: Түркістан өңірлік коммуникация қызметі

Қайырымды істі Жетісай ауданы жалғастырып, азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек тиелген тағы бір 30 тонналық жүк көлігін Ақтөбеге жіберді. Жетісай аудандық мәслихатындағы депутаттар да жалпыхалықтық істен құр қалмай, арнайы қорға жеке қаражаты есебінен 21 млн. теңге аударды. Сайрам, Ордабасы аудандарынан да көмек керуені жолға шықты. 

Бүгінде гуманитарлық көмек керуенін жасақтауға Түркістан облысының 17 аудан, қаласы жұдырықтай жұмылып отыр. Халықтың аманаты зардап шеккен аумақтарға алдағы уақытта да жеткізіледі. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан тұрғыны 40 жасында үшем босанғанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар