Түркістаннан Қостанайға қоныс аударуға шақырды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Қостанай облысы Қамысты ауданы әкімдігінің орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдері жұмыс күші мол өңірлердің әлеуетті қатысушыларын анықтау мақсатында арнайы іс-сапармен Түркістан облысына келді.
Отырар ауданының халқымен кездескен қостанайлықтар Аралкөл, Бестөбе, Адайев, Дружба, Алтынсарин, Клачков ауылдарына қажетті жұмыс орындарын ұсынды. Атап айтар болсақ, аймаққа механизатор, малшы, жүргізуші, дәнекерлеуші, бақташы, табунщик, ағаш шеберлері, бухгалтер, аспазшы, слесарь, электрик, фельдшер, ауыл кітапханашысы, агроном секілді мамандар керек. Ал, көшіп барушыларға жоғары деңгейде жағдайлар жасалады.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген насихат тобының өкілдері бос жұмыс орындарына қоныс аударушыларды шақырды. Көпшіліктің сұрақтарына жауап беріп, қоныс аудару бойынша ақпараттармен таныстырды.
Аталған жиын Арыс қаласының аумағында да жалғасты. Қала мен қалаға қарасты ауыл тұрғындармен өткен кездесуде қоныс аударушыларға көрсетілетін жағдайлар түсіндіріліп, бос жұмыс орындары ұсынылды.Нәтижесінде Арыстан 17 адам қоныс аударуға ниет білдірді.

«Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жұмыс күші мол өңірлердің әлеуетті қатысушыларын анықтау мақсатында арнайы іс-сапармен келген қостанайлықтар Түркістан және Кентау қалаларында және Сауран мен Созақ аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Кездесуге жалпы жүзден астам адам келіп, қоныс аудару бойынша ақпараттармен таныс болды.
Айта кетейік, Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылға республика бойынша 7050 квота бөліп, қандастар мен қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облыс белгіленген болатын. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысы (2 702 адам), Павлодар облысы (2 603 адам), Қостанай облысы (950 адам), Шығыс Қазақстан облысы (372 адам), Абай облысы (255 адам), Ұлытау облысы (132 адам), Қарағанды облысы (36 адам) бар.
Бөлінген квота негізінде осы жылдың 8 айында Түркістан облысынан 288 отбасыдан 1 116 адам қоныс аударды. Нақты көрсетсек, Шығыс Қазақстан облысына 18 отбасы (71 адам), Қостанай облысына 18 отбасы (71 адам), Павлодар облысына 127 отбасы (592 адам), Солтүстік Қазақстан облысы 110 отбасы (318 адам), Қарағанды облысына 2 отбасы (11 адам), Абай облысына 8 отбасы (23 адам), Ұлытау облысына 5 отбасы (30 адам).
Жалпы еліміз бойынша 3 494 қоныс аударғандардың 32%-ы Түркістан облысының үлесінде. Олардың ішінде еңбекке жарамды 538 адамның 304-і жұмысқа орналасқан. 2015 жылдан бері жұмыс күші аз Солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан Оңтүстік аймақтардан азаматтарды көшіру жұмыстары нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 14 874 адам немесе 3 358 отбасы қоныс аударған.
Мемлекет Солтүстік облыстарға қоныс аударғандардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде ақша, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы береді. Бұдан бөлек, билік оларды қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа тұрғызуы, жеңілдікпен баспана алуға көмектесуі тиіс. Ал қоныс аударғандарға жұмыс ұсынған жұмыс берушілерге 400 АЕК (1 476 800 теңге) субсидия беріледі.