Түркістаннан теріскейге 3555 отбасы қоныс аударды
Түркістаннан теріскейге 3555 отбасы қоныс аударды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
2015-2023 жылдары аралығында Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге 3555 отбасы, яғни 13 737 адам қоныс аударған. Мұның ішінде 475 отбасы, яғни 1953 адам өткен жылы көшіп барды. Түркістаннан теріскейге қоныс аударғандардың ішінде жаңадан кәсіп ашқандар, тіпті оны кеңейткендер бар. Тұрақты жұмысқа орналасып, күнкөрісін арттырғандар да жетерлік.
«Жалпы, «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2015 жылдан бері Түркістан облысынан Солтүстік аймақтарға халықты қоныстандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп, насихатталып келеді. Облысымызда жыл сайын бірнеше рет ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Біздің белсенді азаматтарымыз да қоныс аударған отбасылардың халімен танысу мақсатында іссапарларға барып келді. Нәтижесінде едәуір прогресс байқалады. Сондықтан тиісті шаралар тоқтатылмайды», - деді Бейсен Тәжібаев.
Биыл Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аударуға ниетті азаматтар үшін 7050 квота бөлініп отыр. Өткен жылы 6727 квота белгіленген болатын. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, квота саны 554-ке көбейген. 2024 жылы қоныс аударуға әдеттегідей теріскейдің 7 өңірі бекітілген. Солтүстік Қазақстан облысына - 2702, Павлодар өңіріне - 2603, Қостанайға - 950, Шығыс Қазақстанға - 372, Абай аймағына - 255, Ұлытауға - 132 және Қарағандыға - 36 адам көше алады.
«Мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетіліп келеді. Көшуге ниетті отбасы мүшелеріне бір реттік қаржылай көмек бар. 70 АЕК мөлшерінде және алғашында үй жалдауға қаражат беріледі. Одан бөлек, қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіліп, жұмысқа орналасу, жеңілдікпен үй алу бойынша шаралар ұйымдастырылады. Соңғы жылдары ұлттық мүддені көздейтін жобаны жүргізуге бірқатар ел жанашырлары атсалысып жатыр. Биыл да бұл бағдарламаны баянда етуге атсалысқысы келетін азаматтардың артқанын қалар едік. Ортақ істен шет қалмай, жұмылғанда ғана нәтижелі болары анық», - деді Бейсен Тәжібаев.