Түркістанның Созақ ауданында ғасыр жасаған қарт жауынгер тұрады

АСТАНА. KAZINFORM — Майдангер Мырзахмет Жылысбаевтың жасы 99-ға келсе де, әлі тың, деп хабарлайды Jibek Joly телеарнасы.

түркістандық ардагер
Фото: Видеодан скриншот

Түркістан облысы Созақ ауданынан 1941-45 жылдар аралығында соғысқа 6 мың сарбаз аттанған. Қазір осы мыңдаған жауынгердің ішінен көзі тірі біреуі ғана қалды. Майдангер Мырзахмет Жылысбаевтың жасы 99-ға келсе де, әлі тың. Көңілі сергек. 

Мырзахмет ақсақал соғысқа аттанған кезде небәрі 18 жастағы бозбала еді. Сондықтан болар 1944 жылдың қараша айы оның мәңгі есінде. Колхоздағы сауаты жоқ ересектерді хат тануға үйретіп жүрген оны бір түнде майданға алып кетеді. Ардагер ұрыс алаңында № 92 автоатқыштар полкы құрамында соғысқан.

Мырзахмет Жылысбаев соғысқа барудан еш қорықпағанын айтады.

— Еш қорықпадым. Өйткені біздің алдымыздағы мақсат қалайда неміс фашистерін жеңу керек. Отанымызды қорғау керек. Сондықтан мен несіне қорқамын. Қорықсам, сұранбаймын да, бармаймын да ғой. Біз соғыстың аяқ жағында бардық. Бірақ Бауыржан Момышұлының өзі айтқан ғой, «соғысқа бір кіріп шыққанның өзі ерлік деп». Сондай ерліктердің ішінде болдық, — деді соғыс ардагері.

Соғыстағы бес ай бозбала Мырзахметті ерте есейтті. Бірнеше қанды шайқастың куәсі болып, «жеңістің хабарын естігенде менен бақытты жан болмады» дейді қария. Себебі әкесінен ерте айырылған ол жалғыз анасын асырауды мақсат етіпті.

Ардагердің ұлы Кенжебек Жылысбаев әкесінің барлық бала-шағасына жанашыр екенін айтты.

— «Менің алдымда елге оралып, шешемізге қараймын, асыраймын деген алдыма қойған міндет болды» деп айтып отырады. Әкеміз барлық бала-шағасына жанашыр, — деді қарияның баласы.

Мырзахмет Жылысбаев соғыстан кейін елге оралған соң ұстаздық қызметін жалғастырды. Ол өмірінің 46 жылын ұстаздық қызметке арнаған. Бүгінде жарымен бірге 13 ұл-қыздан 47 немере, 97 шөбере сүйіп отыр. Ардагер бос уақытында өмірден көрген-білгендерін қағаз бетіне түсіріп ермек қылады, одан қалса өзінің өсиеті мен ой-тұжырымдары жинақталған «Ұрпаққа аманат» атты кітабын шығарған.

Осыған дейін алматылық соғыс ардагері Василий Зинченко 101 жасқа толғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар