Түрлі брендтердің балалар киімдерінен қауіпті химиялық заттар табылды
АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Greenpeace тапсырысы бойынша жүргізілген зерттеулерге қарағанда, түрлі брендтердің балалар киімдерінен қауіпті химиялық заттар табылды. Дегенмен, өндірушілердің өздері химиялық заттардың деңгейі қауіпсіз деп санайды. Бұл туралы Ресейдің «Жаңалықтар» агенттігі хабарлады.
«2013 жылдың мамыр-маусымында зерттеу жүргізу үшін әлемнің 25 еліндегі ресми дүкендерден немесе тіркелген дилерлерден балалар киімдерінің 82 үлгісі сатып алынды. Брендтер қатарында GAP, H&M, Adidas, Nike, Puma, American Apparel, C&A, Disney, Primark, Uniqlo және люкс саналатын Burberry бренді бар. Зерттеу қорытындысында қауіпті химиялық заттардың барлық бренд үлгілеріне бар екендігі анықталды», - делінген ақпаратта.
Disney, American Apparel және Burberry-ді қоса алғанда брендтердің кемінде 1 үлгісінен нонилфенол этоксилатының жоғары деңгейі тіркелген. Adidas фирмасының балаларға арналған суға түсетін киімде перфтороктан қышқылының деңгейі компания белгілеген нормадан да артық болғандығы анықталды. Ал Primark фирмасының балалар футболкасындағы сурет таңбасының 11 пайызы фталаттан тұрады. Бұл зат қоршаған ортаға тараған кезде адамның репродуктивті, гормоналды немесе иммунды жүйесін жайсыз әсер етуі мүмкін.
Осыған орай Greenpeace барлық елдердің үкіметтерін тоқыма өндірісінде қауіпті химиялық заттарды пайдалануды тоқтатуға шақыруда.