Түрлі ұлттардың бірлікте өмір сүріп жатқаны қуантады - Тәжік мәдени орталығының төрағасы
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Түрлі ұлт өкілдерінің татулықта бір терінің пұшпағын илеп, бақытты өмір сүріп отырғандығы қуантады. Бұл туралы бүгін «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Умар Шоназаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол пікірін Көкшетауда өткен 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде жергілікті этномәдени бірлестіктер ұсынған əр халықтың ұлттық тағамдары мен сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері шеберлерінің көрмесі барысында айтқан еді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Ақмола облысында 18 этносты біріктіретін 50-ге жуық этномәдени бірлестік бар. Ал, өткен жылы олардың қатарын «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығы толықтырды. Атауын қазақшаға аударғанда «Көкшетау таулары» деген мағынаны білдіретін бұл бірлестік 2017 жылдың қараша айында ашылған болатын.
«Жас келсе - іске» демекші, кәсіби спортшы, қазақ, араб, парсы тілдерін еркін меңгерген іскер жас Умар Шоназаровтың жетекшілігімен тәжік ұлттық-мәдени орталығы ашылған күннен бастап-ақ жұмысқа қызу кірісіп кетті. Жуырда ғана олар Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 25 жыл толуына арнап облыс орталығындағы Достық үйінде ауқымды іс-шара өткізді. Оған Қазақстандағы Тәжікстан мемлекеті елшілігінің өкілдері, еліміздің басқа да облыстарындағы тәжік орталықтарының жетекшілері қатысқан болатын.
«Санги-Кабуд» аталатын тәжік ұлттық-мәдени орталығы екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының нығаюына, еліміздегі ұлттар арасындағы достықтың беки түсуіне септігін тигізетініне сенім мол.
Бізбен әңгімесінде орталық төрағасы Умар Шоназаров ұйым халықтар достығын, ұлтаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мақсатында құрылғанын ерекше атап өтті. Ашылғанына аз уақыт болса да, орталық облысымыздағы бірқатар ауылдардың командалары арасында футболдан жарыс ұйымдастырып үлгерді. Болашақта олар жастар қанатын, тілдер орталығын ашуды жоспарлап отыр. Қайырымдылық шараларын өткізу, жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуді көздейтін кездесулер өткізу де келекшектің еншісінде.
«Еліміздің көптеген облыстарында болдым. Олардың біразын атап айтсам, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Шымкент қалаларында тәжік орталықтары барын көріп, өзіміздің Көкше жерінде де сондай ұйым болғанын қаладым. Міне, сол арманым орындалып, өткен жылы Тұңғыш Президент күні қарсаңында орталығымыз салтанатты түрде ашылды. Бүгінде облысымызда 200-ге тарта тәжіктер тұрады. Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайлар жасалған. Бұрындары Ассамблея жайлы сырттай ғана естуші едім. Енді сол ұйымға өзім де мүше болдым. Расымен де түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті бір терінің пұшпағын илеп, бақытты өмір сүріп отырғандығы қуантады. Бүгін барша қазақстандықтарды осы сəтті пайдалана отырып бақытқа бастайтын 1-мамыр-Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын»,- дейді Умар Файзудинұлы.