Түрме басшылары қамауға алынды

АСТАНА. Маусымның 29-ы. қазАқпарат - «Ақтаудағы бір топ тұтқын қашып кеткен 172/1 түзеу колониясының үш лауазымды қызметкері қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынды», деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қуанышбек Жұманов, деп жазады ресми бұқаралық ақпарат құралдары.
None
None

Тұтқынға алынған түзеу мекемесінің бастығы, колониядағы жедел бөлімнің бастығы және кезекші-мекеме бастығының көмекшісінің үстінен Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Өткен сейсенбі күні таңертең Ақтаудағы қатаң тәртіп колониясында жазасын өтеп жатқан 21 адам қашып шықпақшы болды. Олардың қолдарында қару болған. Сондықтан түрме күзетшілері қашқындарға қарсы қару қолданды. Жеті қашқын сол жерде қаза тауып, жарақат алған біреуі қолға түсті. Қалған 13 адам сытылып шығып, аптаның аяғына дейін Маңғыстау облысында бой тасалап жүрді. Оларды ұстау үшін құқық қорғау органдарында «Құрық» операциясы жарияланды.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, арнайы операция сенбі күні кешкі сағат 22.00-де аяқталған. Қашқындар сенбі күні Шетпе ауылынан 18 шақырым жердегі Қызылсай шатқалында қоршауға алынды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қоршауға түскен қашқындар қатты қарсылық көрсеткен екен. Өз еріктерімен берілмеген соң, «Арлан» арнайы жасағы қару қолдануға мәжбүр болған.

Дереккөздің мәлімдеуінше, сенбі күні кешқұрым Қызылсай шатқалында көлікке мінген 17 адам қоршауға алынады. Түрмеден қашып шыққан 13 тұтқынның қасында жүрген сыбайластары да болған. Операция аяқталғанда дені түрмеден қашқындардан құралған 17 адамның алтауы тірідей қолға түскен, олардың төртеуіне оқ тиіп жарақат алған көрінеді. Көлікке бекінген қалғандары тірідей берілгісі келмей, өздерін жарып жіберіпті. Көліктегілер тегіс қаза тапқан. Арнайы операция барысында «Арлан» жасағының бір қызметкері жарақат алды, деп хабарлады дереккөз.

Соңғы жаңалықтар