Түрме тәртібін бұзғандар қанша мерзімге сотталады

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетіндегілер түрме режимін бұзғандар қандай жаза арқалайтынын айтты. 

 Бахрейнде қазақ қыздарын интимдік қызметке тартқан Шымкент тұрғыны 8 жыл түрмеде отыратын болды
Фото: Pexels

«Қазіргі таңда жазасын өтеп жатқан тұлғалардың негізгі бөлігі қамауда ұстаудың бекітілген тәртібін сақтайды, адал еңбек етіп, қайта әлеуметтендіру бағдарламаларына қатысады, білім алады. Бір сөзбен айтқанда, түзелуге бет алып, еркіндіктегі қалыпты өмірге оралуға талпынады. Бірақ жағымсыз сипаты басым санат та бар. Олар үшін абақты қалыпты өмір сүру ортасына айналған. Ондайлардың әрқайсысы бірнеше рет сотты болған және бұларды заңды сақтай отырып өмір сүруге бағыттау айтарлықтай қиын. Оның үстіне өздерінде де ниет жоқ. Өкінішке қарай, тәрбиемен ықпал етуге бағытталған шаралардың көбі оларға соншалық әсер ете алмайды», - делінген Kazinform сауалына жолданған жауабында.

Жауапта заңнама бекіткен режимді мойындамайтын, түзету мекемесіндегі ахуалды тұрақсыздандыруға тырысатындар бар екені айтылған.

«Ондай жағдайларда мекеме әкімшісі сот органдарына тиісті материалдарды жолдайды. Қылмыстық кодексте ондай әрекет үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал әрекет топпен жасалса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылады», - деп жазылған жауапта.

Соңғы жаңалықтар