Түрмедегі сотталушы әйелді зорлау туралы іс сотқа келіп түсті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда түзету колониясында сотталушы әйелді зорлау туралы іс сотқа келіп түсті. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

Түрмедегі сотталушы әйелді зорлау туралы іс сотқа келіп түсті

Мәлім болғанындай, Руслан Хәкімовке қатысты қылмыстық іс Алматы қаласының Түркісіб аудандық сотына кеше - 26 шілдеде келіп түскен.   

«Басты күдікті Руслан Хәкімовке ҚР Қылмыстық Кодексінің 362-ші бабы 4-ші тармағының 1-ші бөлігі (қызмет бабын асыра пайдалану) және 120-шы бабы 2-ші тармағының (зорлау) 4-ші бөлігінде (әлденеше рет) қарастырылған құқық бұзушылықтарды жасаған деген айып тағылуда», - деді баспасөз қызметіндегілер.

Ал, сол кезде түрме мекемесінің бастығы қызмет атқарған Ермек Омарбековқа қатысты іс өз алдына бөлек өндіріске берілді.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары 25 шілдеде аяқталды.

Естеріңізге сала кетелік, сотталушы Наталья Слекишина биыл шілде айының басында қамауда топтық зорлаудың құрбаны болғандығын, соның салдарынан қыз босанғандығын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, түрме басшылығы алғашында зорлау туралы істі жасырмақ болған. Алайда, сараптама қылмыстық іске қатысты тұлғалардың бірінің әкелігін растады. 

Зорлау оқиғасы ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ЛА-155/18 мемлекеттік мекемесінің тергеу абақтысында болған. Наталья Слекишинаның айтуынша, зорлауға осы мекеменің төрт қызметкері қатысқан.