Түрмедегілердің санын азайту: Қазақстан бұл көрсеткішке қалай қол жеткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік алған жылдары түрмеде отырған адамдардың саны жағынан үшінші орында тұрған Қазақстан біршама қадамдардың арқасында халықаралық деңгейде көрсеткішін жақсартқан. Бұл жайлы Астанада өтіп жатқан «Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігінің болашағы: Ізгілендіруден өзгерістерді басқаруға өту» атты халықаралық конференция барысында Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Еуропалық одақтың үшжылдық «Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіру» (EUCJ) жобасы бізге қалай көмектесті? Ең алдымен, бұл жоба әлемдік тәжірибелерді ала білуге, әлемдік деңгейдегі сарапшыларды тартуға мүмкіндік берді. Құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін зерттедік. Еуропалық одақ Қазақстанда бола отырып, өзінің маңызды миссиясын орындап отырғаны қуантады», - деді Марат Ахметжанов.
Бас прокурордың орынбасары жоба аясындағы маңызды жұмыстардың біріне тоқтала кетті.
«Қазақстан тәуелсіздік алған уақытта түрмедегі адамдардың саны жағынан үшінші орында тұрған едік. Егемендік алған жылдары біздің түрмелерде 100 мың тарта адам отырған. Алдымызда осы мәселені шешу жұмысы тұрды. Есептей беріңіз, сол тұста Қазақстандағы әрбір жеті отбасының бір мүшесі түрмеде жазасын өтеген. Бұл ретте - «Түрмедегілердің санын азайтудың 10 шарасы» бізге үлкен көмек болды. Осының арқасында түрмедегілердің саны 32 мыңға дейін азайды. Түрмедегілердің саны жағынан халықаралық индексте Қазақстан 35-ші орыннан 82-і орынға көтерілді. 8 колония жабылды. 12 млрд теңге үнемделіп, ол қаражат әлеуметтік қажеттілігі бар өзге салаларға жұмсалды», - дейді Бас прокурордың орынбасары.
Марат Ахметжановтың айтуынша, «Түрмедегілердің санын азайтудың 10 шарасы» жобасы 2017 жылы аяқталған.
«Осы жылы ізгілендіру туралы заңның қабылдануымен төрт мыңға тарта түрмеде отырған адам бостандыққа шықты. Кейбір адамдар заңнамалық тұрғыдан ізгілендіру заңына күдікпен қараған еді. Бірақ, мен оның концепциясына тағы да ерекше мән бере кеткім келеді: ең алдымен біздің қоғамға қауіп тудырмайтын адамдар ғана бостандыққа шығарылуы керек. Мемлекет басшысы «реформалар қоғамдағы азаматтардың құқықтарына қайшы келмеуі керектігін» қатаң ескерткен болатын. Міне, сондықтан, кісі өлтіргендер, тонаушылар, алаяқтар мен зорлаушылар түрмеде қала береді. Бірақ, қалғанын біз қоғамның толыққанды азаматтарына қайтадан айналдыруымыз керек», - деді Марат Ахметжанов.
Еске сала кетсек, аталмыш халықаралық конференция Еуропалық одақтың үшжылдық «Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіру» жобасының қорытындысына арналып отыр (EUCJ).