Түрмеден босап шыққан 700-ден астам қазақстандық қалыпты өмірге оралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түрмеден босап шыққан 700-ден астам қазақстандық қалыпты өмірге оралды.

Түрмеден босап шыққан 700-ден астам қазақстандық қалыпты өмірге оралды

Бұл туралы бүгін дөңгелек үстел барысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Айгүл Тәбергенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.   

«Арнаулы қызметтер туралы» заңға сәйкес, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтар күрделі өмір жағдайына тап болғандар ретінде қарастырылады. Яғни, осы санаттағыларға белгілі бір мемлекеттік қолдаулар қажет. Ағымдағы жылдың басынан пробациялық қызметтің көмегі арқасында біз 731 тұлғаны қоғамға кіріктіре алдық. Аталған азаматтар әлеуметтік-құқықтық көмектер аясында жұмысқа орналасып, мамандыққа оқыды, кейбірі құжаттарын қалпына келтірсе, бірқатар азаматтар қажетті медициналық және психологиялық қызметтер кешенін алды», - деді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, түрмеден босап шыққан бірқатар азаматтарға баспанамен қамту, уақытша немесе жалға берілетін баспаналарға орналастыру бағытында да көмектер көрсетілген. Айта кетерлігі, «Жұмыспен қамту» жол картасы аясында бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандарды жұмыспен қамтуға бірінші кезекте басымдық беріледі.

Тұтастай алғанда, ағымдағы жылдың тоғыз айында бұрын сотты болған 28 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсетілген.