Түрмеден қашқан аса қауіпті қылмыскерлермен атыста екі полицей жараланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аргентина түрмесінен 27 желтоқсанда қашып кеткен аса қауіпті қылмыскерлермен арада болған атыс кезінде екі полицей жараланды.

Түрмеден қашқан аса қауіпті қылмыскерлермен атыста  екі полицей жараланды

Бұл туралы бейсенбі күні журналистерге жандармерия өкілдері мәлім етті деп хабарлады ТАСС.

Олардың мәліметтерінше, қашып жүрген Мартин Ланатта, Кристиан Ланатта және Виктор Скиллачи Санта-Фе провинциясындағы Коронда қаласы маңында тәртіп сақшыларына оқ жаудырған. Атыстан кейін қылмыскерлердің сытылып кетуінің сәті түскен. Полицейлер ауруханаға жеткізілді. Олардың бірінің жағдайы ауыр, ал екіншісінің өміріне қауіп жоқ.

Аргентина қауіпсіздік министрі Патрисия Буллрич шұғыл оқиға орнына аттанды. Бұдан бұрын халықаралық іздеу жарияланған қылмыскерлерді ұстауға 500 тәртіп сақшысы тартылған болатын.

Еске сала кетсек, есірткі мафиясымен тығыз байланыста болған қылмыскерлер үш рет адам өлтіргендіктері үшін өмір бойы бас бостандықтарынан айырылған. Тергеу болжамының бір нұсқасы бойынша, олардың Буэнос-Айрес провинциясындағы қатаң режімдегі түрмеден қашып шығуларына сондағы қызметкерлердің бірі көмектескен.