Түрмеден шыққан жастарды бейімдеу жобасы басталды
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мәліметінше, бұл жоба республиканың 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында іске асырылады.
«Біз Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Қостанай, Маңғыстау, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласын бөліп, жобаны осы өңірлерде пилоттық режимде іске асыруды ұсынамыз. Бұл аймақтарда біздің модератор-мамандардың көмегі көрсетілетін әлеуметтік бейімдеу қызметтері жұмыс істейтін болады», - деді жобаны таныстырған «Антарес А» қоғамдық қорының үйлестірушісі Оксана Павлицкая.
Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде жазасын өтеп шыққан жастарды жұмыспен қамту үлесі артады деп күтілуде.
Жоба аясында қоғам белсенділері пробация қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге жұмыс істейді. Сондай-ақ, жазасын өтеп шыққандар құқықтық және психологиялық кеңес ала алады.
«Біз түрмелердегі азаматтармен қосымша ақпараттық кездесулер өткіземіз. Сондай-ақ жабық типті мекемелерде жазасын өтеп шыққан жандарды босатуға дайындықты бастаймыз. Бостандыққа шыққан жастар қайда бару керектігін, жұмысқа орналасуы, қоғамға бейімделуі үшін оларға кім көмектесе алатынын біледі», - дейді Оксана Павлицкая.
Оның айтуынша, түрмеден шыққан қазіргі жастар негізінен шағын бизнес пен құрылыс саласында жұмыс істейді.