Түрмеге кірген машинаның есігіне 20 литр ішімдік пен телефон жасырылған болып шықты - ШҚО

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында сотталғандарға тыйым салынған затты кіргізу әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО бойынша ықлыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түрмеге кірген машинаның есігіне 20 литр ішімдік пен телефон жасырылған болып шықты - ШҚО

Автокөлік есігінің қаптамасында 20 литр алкоголь жасырылған.

Бұл автокөлік келісімшартқа сәйкес, мекеменің аумағына техникалық қызмет көрсету стансасына жөндеуге кіргізілген еді.

«Мекеме қызметкерлері 6699 ә/б әскери жасағының бақылаушыларымен бірге автокөлікті тексеру барысында есік қаптамасынан тыйым салынған заттарды тауып, тәркіледі. Онда зарядтау құрылғылары мен құлаққаптары бар ұялы телефон және алкогольдің ерекше иісі бар сыйымдылығы 1,5 литрлік 20 бөтелкені тәркіледі. Тәркіленген заттар сот-медицина сараптамасына жіберілді», – дейді ШҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, полиция полковнигі Жанболат Қалетаев.


Колония аумағына телефон мен алкогольді тасымалдауға тырысқан көлік мекеменің өндірістік учаскесінде жұмыс істейтін ТҚС-ға жөндеуге кіргізілмек болған.

Айта кету керек, мекеме қызметкерлері әскери бөлімнің бақылаушыларымен және иісшіл иттермен бірге тыйым салынған заттарды алып өту және лақтыру фактілерінің жолын кесу мақсатында мекеме аумағына кіретін барлық машинаны тексереді.