Түрмелерде өндіріс орындары ашылмақ - ШҚО

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында сотталғандарды жұмыспен қамту үшін кәсіпкерлерге түзету мекемелерінде өндіріс орындарын ашу ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

ШҚО ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету көрсеткішін арттыру, жеке кәсіпкерлерді тарту мәселелері бойынша ОВ-156/21 мекемесінде семинар өтті. Оған Жарма аудандық Атамекен кәсіпкерлер палатасының басшысы Дастан Мұхаев, шағын және орта кәсіпкерлер, «Еңбек-Өскемен» федералды республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өкілі Асқар Смағұлов қатысты. Олар түзету мекемесі аумағында өндіріс ашу үшін қандай жағдайлар қарастырылғанын көрді.

«Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өз кәсібін ашып табыс табуға ұмтылатын барлық кәсіпкерлер үшін біршама мүмкіндік көзделген. Біріншіден, кейіннен өтеу құқығынсыз сенімгерлікпен басқару шартын жасасу арқылы өндірісті жалға беру мүмкіндігі бар. Яғни, жеке кәсіпкерлер электр қуаты мен коммуналдық қызметтер үшін төлем жасай отырып, сенімгерлікпен өндіріс аша алады. Әкімшілік өз кезегінде жұмыс күшімен қамтамасыз етуді, бейнебақылауды, өндірістегі өнім мен жабдықтардың қорғалуын қамтамасыз етеді», - дейді ОВ-156/21 мекемесі басшысының орынбасары Анара Сәбиева.

Сотталғандардың орташа жалақысы 42 500 теңгені құрайды. Жеке кәсіпкер Жасұлан Уахановтың айтуынша, бұл әдіс бизнес өкілдері үшін де мол табыс әкелмек.

«Мен бірнеше жылдан бері түзету мекемесінде кәсіппен айналысамын. Байқауымша, бұл жер өте қолайлы. Колониядағы қыз-келіншектер өз жұмыстарына жауапты қарайды және гигиена мен тазалық стандарттарының барлық талаптарын сақтайды», - дейді ол.

Осылайша, кәсіпкер түрлі өнімдерді төмен бағада алса, сотталғандар жұмыспен қамтылып, ақша табады. Сондай-ақ жазасын өтеп жатқандар оң мінездеме алып, бостандыққа шыққаннан кейін де қоғамға тез бейімделіп кетеді.


Соңғы жаңалықтар