Түрмелерге қандай тыйым салынған заттар жиі кіргізіледі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті түрмелерге кіргізілмек болған тыйым салынған заттардың көрмесін ұйымдастырды. Бір жылдың ішінде мамандар тек 89 телефонды ғана анықтап, оның ішке енуіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, колония аумағына соңғы кіргізілмек болған заттардың бірі – шағын ғана ұялы телефон. Оны №48 мекеменің қызметкерлері рентгентелевизиялық аппаратты қолдана отырып, аяқ киім щеткасының ішінен тауып алды. Күдік тудырған «сәлемдеменің» ішінен SIM карталары бар «Nokia» маркалы ұялы телефон, сондай-ақ USB кабелі бар зарядтағыш шықты. Сотталғанға тыйым салынған затты Түркістан облысынан туысы жіберген екен.
«Мекеме аумағына түрлі тәсілмен өткізбек болады. Кең тарағаны аумаққа оралған затты лақтыру. Сондай-ақ қанша ескертсек те, туыстары кездесуге келгенде өздерімен рұқсат етілмеген затты кіргізбек болады. Пошта арқылы бандерольмен, сәлемдемемен жіберетіндер бар. Түрлі тәсілдерді қолданып, барынша жасыруға тырысады. Бір жылдың ішінде 89 ұялы телефонды алдық, 76 гр есірткі заты тәркіленді. Спирттік ішімдіктерді кіргізбек болады. Заңды бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД режім және қадағалау бөлімінің аға жедел уәкілі Дәулет Имамбаев.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері бір жыл ішінде түзету мекемесіне кіргізілмек болған осындай заттардың көрмесін ұйымдастырды. Тек өткен жылдың өзінде түрмеге ұялы байланыс құралдарын алып кірудің 51 фактісі тіркелген. Ал жалпы 89 дана ұялы телефон тәркіленген. Ал есірткіге қатысты 5 заңбұзушылық анықталды. Соның бірінде есірткі заты жаңғақтың ішіне жасырылған.

Маманның айтуынша, түрме аумағына тыйым салынған затты өткізбек болғандарға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері екі есе артады. «Келіп түскен барлық сәлемдемелер жіті қаралады, қызметкерлер әр затты жеке-жеке тексереді. Сондай-ақ иіс алатын иттеріміз де бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2 айыппұл салынып, 12 ескерту жасалды. Қазіргі уақытта барлық мекемелерге заманауи рентген-телевизиялық қондырғылар орнатылып жатыр. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдете түспек», - дейді Дәулет Имамбаев.
Фото: СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті