Тұрмысқа шығуға келісім бермеген: Нұрай Серікбай ісінде куәгерлерден жауап алу аяқталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Саммидин Теміралиевтің төрағалығымен 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша айыптау тарапының куәгерлерінен жауап алу аяқталды.
Сот отырысында марқұмның жақын құрбысы, Алматыдағы жоғары оқу орнының 3-курс студенті Әлия Серік және отбасының туысы Дәурен Жарылқасын егжей-тегжейлі жауап берді.
Аймахан жіберген гүлді қоқысқа тастауды өтінді: Нұрайдың құрбысы
Сотта сөз алған Әлия Серік өз бейнесін көрсетпеуді сұрады. Қыз сол күндерді еске алу кезінде қатты қобалжып, эмоциясын әрең ұстап отырды, дауысы бірнеше рет дірілдеп, көзіне жас алды.
Әлия мен Нұрай бала кезден бірге өсіп, туған әпке-сіңлідей жақын болған. Мектеп бітіргеннен кейін Әлия, Нұрай және Ақсезім Шаттық Алматыдағы жоғары оқу орындарына түсіп, бірге пәтер жалдап тұрған.
Әлия айыпталушы Шерхан Аймаханның Нұраймен араларында өзара қарым-қатынас болғаны және тұрмыс құруды жоспарлағаны туралы нұсқасын жоққа шығарды.
Оның айтуынша, Нұрай Аймаханнан қатты қорыққан, бірнеше рет телефон нөмірін ауыстырып, онымен байланысты толық үзгісі келген.
– Мен пәтерде жалғыз болғанмын. Бір кезде есікті тоқтаусыз қаққан дыбыс естілді. Есік көзінен қарағанда адам көрінбеді, ол әдейі шетке тұрып, тек қолын көрсетті. Есікті ашқанда алдымнан Шерхан Аймахан шықты. Ол Нұрай мен Ақсезімнің қайда екенін сұрады. Мен үйде ешкім жоқ екенін айтып, олар туралы мәлімет беруден бас тарттым. Онымен сөйлесу үшін сыртқа шығуға да үзілді-кесілді келіспедім, себебі қатты қорықтым, – деді Әлия Серік сотта.
Құрбысының айтуынша, айыпталушы олардың үйінің маңында жиі болған, университет ғимаратына келіп жүрген. Соның салдарынан қыздар үнемі қорқынышта өмір сүріп, пәтер ауыстыруды жоспарлаған.
Әлия сондай-ақ айыпталушының Нұрай одан гүл сыйлауды сұрады, көп ақша алды немесе оны темекі шегуге үйретті деген сөздерін теріске шығарды.
– 11 қарашада, Нұрайдың туған күнінде, ол Шымкентте жүрген кезде, Алматыдағы пәтеріміздің есігіне Аймаханнан үлкен ақ раушан гүл шоғы жеткізілді. Мен Нұрайдан не істеу керегін сұрадым. Ол гүлді дереу қоқысқа тастауды өтінді. Егер ол шынымен гүл жіберуді сұраса, Шымкентке жіберер еді. Бірақ ол Нұрайдың қайда екенін де білмеген. Ақша туралы айтқандары да – таза өтірік. Нұрай тәрбиелі отбасынан шыққан, ешқандай мұқтаждық көрмеген және бөтен адамнан ештеңе сұрамас еді, – деді куәгер.
Оның айтуынша, Нұрай тіпті дөрекі сөздер қолданбайтын, болашағына үлкен жоспар құрған. Ол Еуропада магистратурада оқуды және кейін ата-анасына, Шымкентке оралуды армандаған. Тұрмыс құруды кемінде алты-жеті жылдан кейін жоспарлаған.
Әлия 2025 жылғы 4 қазанда Нұрай жоғалып кеткен кеш туралы да айтты. Сағат шамамен 21:30 кезінде Нұрай үй киімімен, макияжсыз пәтерден шығып кеткен. Ол Аймаханмен соңғы рет сөйлесіп, бәрін анықтап алғысы келетінін айтқан. Түн ортасынан кейін онымен байланыс үзілген, телефонның орналасқан жерін анықтау қызметі өшірілген. Кейін сол уақытта айыпталушы қызды алдап, қорқыту арқылы Шымкент бағытына алып кеткені анықталған.
Жылап, мені бұл үйден алып кетіңдер деді: Нұрайдың туысы сотта жауап берді
Дәурен Жарылқасын – Нұрай Серікбайдың нағашы жағынан туысы, сондай-ақ айыпталушымен бұрын бірге жұмыс істеген. Ол Аймаханның 2024 жылы өздерінде қойма меңгерушісі қызметін атқарғанын, оның жанжалға бейім әрі ашуға тез берілетін адам болғанын жеткізді.
Дәурен сотта Аймаханның Нұрайды алғаш рет 2025 жылғы 3 шілдеде тойда көргенін еске алды. Айыпталушының қызға көңіл білдіруге тырысқанын білген соң, куәгер Нұрайдың ағасы Сұлтанға ескертіп, Аймахан туралы жағымсыз пікір айтқан.
Куәгер 2025 жылғы 5 қазанда Нұрайды Аймаханның туыстарының үйінде күштеп ұстап отырған кездегі жағдайды баяндады.
– Мені бұл жағдай туралы айыпталушының ағасы Дархан хабардар етті. Мен бірден Сұлтанға барып, онымен бірге көрсетілген мекенжайға бардық. Бөлмеде шамамен 10 әйел болды, есік жабық тұрды. Кірген соң бізді оңаша қалдыруды сұрадық. Сұлтан: «Бұл сенің шешімің бе?» деп сұрады. Нұрай жылап: «Жоқ, мен қорқамын. Мені тезірек бұл жерден алып кетіңдер!» деді. Біз оның қолынан ұстап, алып шығуға тырыстық. Бірақ үйдегі адамдар бізге жабылып, жанжал шықты. Қызды жібермей, бізді күшпен сыртқа шығарып жіберді, – деді Дәурен Жарылқасын.
Куәгердің айтуынша, айыпталушының ағасы бірнеше рет «істі жауып», прокуратураға берген арызды қайтарып алуды сұраған. Ол Шерханның енді қызға жақындамайтынын уәде еткен. Алайда қараша айында қудалау қайта жалғасқан.
Дәурен Жарылқасын Аймаханның бұған дейін де оғаш әрекеттер көрсетіп, өзіне қол жұмсау туралы қорқытулар айтқанын растады.
Сот іс материалдарын зерттеуге көшеді
Судья Самиддин Теміралиев айыптау тарапы мен жәбірленуші тарап шақырған куәгерлерден жауап алу аяқталғанын хабарлады.
Айыпталушының адвокаттары (процесс барысында олардың саны төртеуден үшеуге азайған) Аймаханның туыстарын – ата-анасы мен басқа да жақындарын сотқа шақырып, Нұрайдың 2025 жылғы қазанда олардың үйінде болғаны туралы жауап беруін сұрады.
Судья қорғау тарапы олардың сот отырысына өздері келуін қамтамасыз ете алатынын айтты. Сонымен қатар Нұрайды алып кету туралы алғашқы арыз бойынша процессуалдық шешім қабылдаған тергеуші мен прокурор да шақырылуы мүмкін.
Куәгерлерден жауап алу аяқталған соң сот қылмыстық іс материалдары мен жүргізілген сараптамалардың нәтижелерін зерттеуге көшті.
Келесі сот отырысы 4 тамыз күні сағат 10:00-ге белгіленді.
Құжаттарды зерттеу аяқталғаннан кейін тараптар сот жарыссөзіне дайындықты бастайды.
Еске салсақ, 31 шілдеде сотта Нұрай Серікбайды өлтіру оқиғасының негізгі куәгері және оның ағалары жауап берген болатын.
Бұған дейін судья Саммидин Теміралиев Шерхан Аймаханның іс бойынша берген айғақтарындағы қайшылықтарға назар аударған еді. Адвокат Аянхан Омаров айыпталушының нұсқасына, сараптамаларға және дәлелдемелерді зерттеуге қатысты бірнеше өтінішхат берген.
Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай қаза тапты.
Тергеу мәліметінше, айыпталушы қызға 35 рет пышақ жарақатын салған.
Тергеу барысында күдікті сот-психиатриялық сараптамадан өткен. Сараптама қорытындысы бойынша Шерхан Аймахан есі дұрыс деп танылған.
12 маусымда тергеу аяқталып, іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты алғашқы алдын ала тыңдау айыпталушының ауырып қалуына байланысты өтпеген.
23 шілдеде Аймахан сотқа тамағы таңылған күйде арнайы күзетпен жеткізілді. Прокурор Мадияр Әбілқасымов айыптау актісін жариялады.
Іс бойынша алғашқы куәгерлер ретінде Нұрай Серікбайдың әкесі мен анасы жауап берген.
Айыпталушы Шерхан Аймахан қасақана адам өлтірді деген айыпты мойындамай, марқұмды кінәлап, өз әрекетін аффект жағдайында жасағанын мәлімдеді.