Тұрмыстық зорлық туралы заңның қабылдануы қоғамның кемелденгенін көрсетеді – Азиза Шөжеева
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Азиза Шөжеева «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат туралы» Заңының қабылдануына қатысты пікірін айтты. Оның ойынша, әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүкіл Қазақстан қоғамының дамуы үшін өте маңызды.

Азиза Шөжеева 2017 жылы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік әлсіз болғанын, 2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу, оған қарсы тұру турасында пікірталастар жүріп жатқанын айтты. Оның пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени проблемасы. Заңның қабылдануы қоғамды елең еткізіп, зорлық-зомбылыққа төзбеушілікті ынталандыруға тиіс. Бұл заңның қабылдануы тек жазалау ғана емес, ақпараттық-ағартушылық функцияларды да атқарады.
«Қабылданған заңның жазалау функциясына қатысты айта кетейін, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жаза қатаңдатылған. Адам өлтіру, зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қолсұғушылық, жеке адамға қарсы ауыр қылмыстар үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы енгізілген. Қабылданған заңда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, дене жарақатын салу, өзін-өзі өлтіруге итермелеу және оған ықпал ету әрекеттері қылмыстық жауапкершілік жүктейтінін көріп отырмыз. Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған бұл әрекеттер үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - деп атап өтті Азиза Шөжеева «ҚазАқпарат» агенттігі тілшісіне берген жауабында.
Ол қасақана жасалған денсаулыққа зияны орташа әрекеттер үшін бас бостандығынан айыру мерзімі ұлғайтылғанын айтты. Азаптау ісі бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жаза қарастырылған. Сондай-ақ заңда ата-аналардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігін күшейтуге де баса мән берілген.
Алғаш рет заңнамалық деңгейде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасын қолдау орталықтарын құру үшін отбасы мәселелері бойынша 111 байланыс орталығының жұмыс істеуіне құқықтық негіз жасалғанын атап өткен жөн.
«Біз осы заңның орындалуын кеңінен талқылауға бастамашылық етуіміз керек. Әрбір қазақстандық мемлекет отбасы мүшелері арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты қолдамайтынын түсіндіру маңызды. Біз зорлық-зомбылықтың барлық түріне «жоқ» деп айтуымыз керек. Бұл мәселені назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Заңның қабылдануы қазіргі қоғамның қаншалықты кемелденгенін, зорлық-зомбылықты қабылдамайтынын көрсетеді», - деп түйіндеді Азиза Шөжеева.