Тұрмыстық қалдықтарды пайдалануға үйрену қажет ? М.Көпей
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу индустриясын технологиялық жағынан дамыту үшін экономикалық ынталандыру мәселесіне баса назар аудару қажет», деді бүгін Сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей.
Бұл пікірін ол өндіріс қалдықтарын пайдалануға байланысты өткен дөңгелек үстел отырысында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Сенатордың пікірінше, еліміздің бұл мәселе бойынша технологиялық жағынан артта қалуына қажетті технологиялар мен жабдықтарды дамыту саласында нысаналы ғылыми-техникалық саясат пен жүйелі маркетингтік зерттеулердің жоқтығы себеп болып отыр. «Осының салдарынан біз көп жағдайда ескіріп қалған технологияны сатып аламыз. Сондай-ақ республикада тұтыну қалдықтарына байланысты жағдай да күрделі күйінде. Мысалы, Өскеменде тұрмыстық қалдықтардың мөлшері 70 мың тоннаға дейін жететін. Енді оған құрамында сынабы бар қалдықтар қосылды. Орайы келгенде айта кетейін, осыдан бірнеше жыл бұрын бір кореялық фирма елімізде қоқыс өртейтін зауыт салуды ұсынған болатын. Бірақ неге екені белгісіз, экологтар оған қарсы болды. Өкінішке орай, кейінгі ұрпаққа денсаулыққа қауіпсіз қоршаған ортаны қалдыру қажеттігін қазір тек халқымыздың аз ғана бөлігі түсініп отыр. Осының салдарынан біз әлі күнге дейін қоғамдық және демалыс орындарындағы күл-қоқыстың шашылып-төгіліп жатқандығына көндігіп жүрміз», деді депутат.Оның пікірінше, технологияның қарыштап дамып отырғандығына қарамастан, адамдардың тұрмыс-тіршілігінде пайда болатын қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі кеңестік дәуірмен салыстырғанда аса өзгере қойған жоқ. «Бұл көрсеткіш бойынша, біз өзімізді Еуропа мен Азияның дамыған елдерімен тіпті салыстыра да алмаймыз. Олардың тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мен пайдаға жарату деңгейі 80 пайызға жетеді. Ал бізде ол асып кеткенде 10-15 пайызды құрайды. Бізде бұл жұмыстар мүлдем жүргізілмейтін аймақтар да бар. Олар бүкіл қоқыстарды арнайы полигондарға апарып тастаудан танбай келеді», деді М.Көпей.