Тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеуге жеке секторды тарту қажет - Үкімет отырысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеуге жеке секторды тарту қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бағдарламасын таныстырған ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.
«Бағдарламаны жүзеге асыру барысындағы басты рөлді мемлекеттің алуы қажет екендігі сөзсіз. Дегенмен, оның жемісті жүзеге асуы үшін жеке секторды да тарту қажет. Қалдықтарды жинау және қайта өңдеуге жеке секторды тарту бойынша әлемдік статистика сараптамасы оның қатысу үлесінің зор екендігін көрсетіп отыр», - деді ол.
Министрдің айтуынша, жеке сектор мемлекеттік құрылымдарға қарағанда барынша тиімді екендігін көрсеткен. Мемлекеттік-жеке серіктестік тетіктерін пайдалану жеке секторды аталған қызмет саласына тартуға, мемлекеттік және жеке инвестиция арасындағы үйлестіру тетіктерін жетілдіру әрі ұйымдастыру құрылымдарын реформалауға мүмкіндік береді.