Тұрмыстық техника тасымалдап келе жатқан жүк көлігі толықтай жанып кетті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында тұрмыстық техника тасымалдап келе жатқан жүк көлігі толықтай жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 14 желтоқсанда сағат 23.00 шамасында болған.
«Газель» жүк көлігі «Алтай-Катонқарағай» тасжолында, нақты айтқанда Алтай ауданы Средигорное ауылына 3 шақырымдай жерде келе жатқанда кенет өрт шықты.
«Белгілі болғандай, қысқа тұйықталудың салдарынан капот астындағы жанғыш бөлшектер өртенген. Тілсіз жау лезде көлік салонына жайылды. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп жеткенше көлік пен оған тиелген тұрмыстық техника толықтай жанып кеткен», - делінген ақпаратта.
Абырой болғанда, жүргізуші зардап шеккен жоқ.