Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жандана түседі - Мәжіліс
АСТАНА. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасына палата депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Бұл ретте құжат бойынша «отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас» ұғымы нақтыланып, соттардың шешімін әдейі қастықпен орындамай қоюға жауапкершілік енгізіледі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. Сонымен қатар, құжат бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған тұлға мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушінің бір ғимаратта бірге тұруына тыйым салу ұсынылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұлғаларды әлеуметтік көмек алатын қиын жағдайда тап болғандар санатына жатқызу да қарастырылып отыр. Заң жобасымен Қылмыстық, Бюджет кодекстеріне және Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне, сонымен қатар, «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы», «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі.