Турнирде Алматы облысының әкімі ойнаған волейбол командасы жеңіске жетті
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда ардагерлер арасында волейболдан «Жетісу кубогы» халықаралық турнирі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Тува, Бурятияның командалары қатысуда. Турнирдің салтанатты ашылуында облыс әкімі Амандық Баталов Жетісу жұртшылығы атынан ардагерлер арасындағы халықаралық турниріге келген қонақтардың қадамына сәттілік тілеп, қазақстандық «Жетісу» командасының сапында ойнады.
«Турнирге келген командалардың ішінде атақты ойыншылар - еңбек сіңірген спорт шеберлері, волейбол ойынының өрісін кеңейтуге көп еңбек сіңірген азаматтар бар. Олар - бірнеше буын спортшылар үшін үлгі болған кәсіби мамандар. Сондықтан бүгінгі турнирді өткізу елімізде, соның ішінде облысымызда волейболды дамытуға жасалған жақсы бір қадам деуге болады», - деді А. Баталов.
Сонымен қатар өңір басшысы спорттың бұл түрімен қазіргі кезде облыстың 83 мың тұрғын айналысатынын атап өтті. Тек биылғы жылдың өзінде ғана 47 волейбол секциясы ашылған.
Турнирдің ашылу рәсімінде сондай-ақ, Тува Республикасы Волейбол федерациясының вице-президенті, Парламент төрағасының көмекшісі Шыңғыс Каминов, Моңғолияның Волейбол федерациясының вице-президенті Тогтохбаяр Тогсмандал (Тоғтобайыр Тоғысмандыл) және басқа да қонақтар сөз алып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірумен қатар ойыншыларға сәтті қадам тіледі.
Турнирді бірінші болып Қазақстанның «Жетісу» командасы мен Бурятия Республикасының волейболшылары бастады. Екі партияның нәтижесі бойынша құрамында облыс әкімі Амандық Баталов ойнаған «Жетісу» командасы 2:0 есебімен жеңіске жетті. Мұнан кейін ойын алаңына Ресей мен Моңғолия командалары шықты.
Айта кетерлігі, Амандық Баталов волейболдан спорт шебері, сонымен қатар Қазақстан Волейбол федерациясының вице-президенті, Алматы қаласы мен Алматы облысы Волейбол федерациясының президенті.
Жалпы волейболдан халықаралық турнир үш күнге жалғасады, 19 қараша күні жеңімпаз команда анықталады.