Тұрсынбек Қабатов «Астана» футбол клубы фанаттарының қатарына қосылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі «Астана» - «Спартак» (Латвия) командалары арасындағы кездесуде өте қызық оқиға орын алды. Елімізге танымал актер, шоумен, продюсер Тұрсынбек Қабатов аталмыш ойынды құрметті қонақтар отыратын орында емес, елордалық команданың «12 ойыншы» ресми фанаттарымен бірге тамашалап, командаға қызу қолдау білдірді, деп хабарлайды астаналық футбол клубының баспасөз қызметі.

«Мен еліміздің ең үздік футбол клубы «Астананы» жақсы көремін. Себебі, елордалық команда Еуропа алаңдарында еліміздің намысын лайықты деңгейде қорғап жүр. Өзімді осы клубтың жанкүйерімін деп сеніммен айта аламын. Мен кеше клуб фанаттарымен бірге командаға қолдау көрсетіп, өзімді нағыз футбол жанкүйері ретінде сезініп көрдім. Өздеріңіз көргендей, «Астана» Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды», -дейді «Астана Аренаға» келген танымал актер.
