Тұрсынбек Қабатовқа Астана әкімінің құрмет марапаты табысталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Айтыскер ақын Аманжол Әлтаевқа, әзіл өнерінің жүйрігі Тұрсынбек Қабатовқа, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов пен Әлем барысы Айбек Нұғымаровқа Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің «Тіл тұғыры» құрмет марапаты табысталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Астанада жыл сайын қыркүйек айында Қазақстан халқы тілдерінің қалалық фестивалі ұйымдастырылып, шара аясында барлық мекемелерде бір ай бойы түрлі іс-шаралар өткізіледі.

«Менің тілім - ұлы дала рухы» тақырыбындағы фестивальді елорда әкімдігі биыл 19-шы рет өткізіп отыр. Тіл фестивалінің басты мақсаты - қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге ықпал ету, көпұлтты мемлекетіміздің бірлігі мен достығын насихаттау және оның факторы ретінде мемлекеттік тілдің рөлін арттыру, жастарды патриоттыққа бағыттау.

«Бүгін біздің шаһарда үлкен мереке болып жатыр. Ол - тіл мерекесі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» мақаласында ел іргесінің бекуіндегі тілдің маңызын ерекше атап өткен болатын. Тіл біздің ұлттық мемлекеттігіміздің, елдігіміздің, мәдениетіміздің бастауы. Мәңгілік еліміз жасасын! Мәңгілік тіліміз жасасын! - деді қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.

Кеш барысында қазақ тіліне сіңірген ерен еңбегі үшін спорт және өнер иелеріне Астана қаласы әкімі Әсет Исекешевтің «Тіл тұғыры» құрмет марапаты табысталды. Ақын Аманжол Әлтаевқа марапатты елімізге белгілі мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбекұлы тапсырса, Рио Олимпиадасында топ жарған боксшы Данияр Елеусіновке тіл жанашыры Оразгүл Асанғазықызы табыс етті. Сонымен бірге, саясаткер Әлихан Бәйменов пен ғалым Ғарифолла Есім әзіл әлемінің жүйрігі Тұрсынбек Қабатов пен Әлем барысы атанған Айбек Нұғымаровқа салтанатты түрде құрмет марапатын тапсырды.

Айта кетерлігі, биыл қала әкімдігі «Тіл тұғыры» құрмет марапатын тұңғыш рет тапсырып отыр.

Кеш барысында қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Алтынай Жорабаева, Ескендір Ибрагимов, Маржан Арапбаева, Қуандық Рахым және дәстүрлі әнші Жасұлан Тәжиев әннен шашу шашып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. 

Фото https://premiumevent.kz

Соңғы жаңалықтар
Референдум