Түртіп қалсаң, опырылады: Жезқазған тұрғындары жол жөндеу сапасына сын айтты
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Жезқазғанда коммуналдық желілерді жөндеу кезінде бұзылған тротуарларды қалпына келтіру жұмыстары тұрғындардың наразылығын туғызды. Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері Жанасов көшесін тексеру барысында асфальт төсеу технологиясының талаптары сақталмағанын анықтады.
Қоғамдық кеңес өкілдері жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары аяқталғаннан кейін мердігер ұйымның тротуарларды қалпына келтіру сапасын тексерген. Құбырларды жөндеу барысында жаяу жүргіншілер жолының бірқатар бөлігі бұзылған: кей жерлерде асфальт жабыны алып тасталса, енді бір учаскелерде төсемтастар бұзылған. Жұмыс аяқталған соң мердігер ұйым бүлінген аумақтарды қайта қалпына келтіруге тиіс болған.
Алайда қоғамдық кеңес мүшелері жұмыс нәтижесіне көңілі толмайтынын жеткізді. Олардың айтуынша, кейбір тұста асфальт төселер алдында міндетті түрде себілуге тиіс негіз дұрыс әзірленбеген. Соның салдарынан жабын құрылыс технологиясының талаптарына мүлдем сай келмейді.
— Жабынның қалай төселгеніне қарап-ақ, жұмысты кәсіби мамандар атқармағанын аңғаруға болады. Тротуарға асфальт арнайы техника қолданылмай, қалай болса солай төселген. Оның үстіне, төсемнің негізі мүлде дайындалмаған: қиыршық тас төселмеген, беткі қабаты арнайы қоспамен өңделмеген. Асфальт шаң мен жалаңаш топырақтың үстіне төселген. Сондықтан ол негізге жабыспайды. Біз жабынды көтеріп көргенде, асфальттың шаңымен бірге ілесіп көтерілетінін байқадық, — деді қоғамдық кеңес өкілдері.
Жезқазған қаласының әкімдігі бұл бейнежазба шамамен екі апта бұрын түсірілгенін хабарлады. Әкімдік сол кезде асфальт төсеу жұмыстарының көлемі мен сапасы белгіленген технологиялық талаптарға сәйкес келмегенін растады. Осыған байланысты мердігер ұйымның жұмысы қабылданбаған.
— Қазіргі уақытта анықталған барлық кемшілік жойылып, жол жабыны белгіленген талаптарға сәйкестендірілді, — деп хабарлады қала әкімдігі.
Бұған дейін ұзындығы 457 шақырым болатын «Қарағанды — Жезқазған» автожолының құрылысы қарқын алып келе жатқанын хабарланғанбыз.