«Тұсауын Елбасы кескен ұл» - баспасөзге шолу
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 22 қаңтар, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» газетінде «Тхеквондо - Қазақстанда қарқынды дамыған спорт түрі» деген мақала берілген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бүкіләлемдік тхэквондо федерациясының президенті Чунгвон Чомен кездесті. Қазақстан Президенті Бүкіләлемдік тхэквондо федерациясы басшысының сапары еліміздегі бұл спорт түрінің дамуына одан әрі серпін беретінін айтып, ризашылығын білдірді. - Қазақстанның тхэквондо федерациясы Бүкіләлемдік тхэквондо федерациясы құрамына 1993 жылы кірді. Осы кезден бастап спорттық жекпе-жектің осы түрі біздің елде қарқынды дами бастады, 11 мың адам белсене айналысуда, 250-ге жуық жаттықтырушы жұмыс істейді. Қазақстандық спортшылар әлемдік жарыстарда 9 қола медаль иеленді, ал азиялық деңгейде алтын медаль да бар. Бұл тамаша спорт түрі одан әрі дами береді деген үмітіміз зор. Себебі, ол жастарды тәрбиелеуге және саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Мен сіздің сапарыңыз жастардың назарын осы спорт түріне одан әрі аудара түседі деп сенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұған қоса, Мемлекет басшысы біздің ұлттың жауынгерлік өнерге бейім екенін, Қазақстан жекпе-жектің өзге түрлері және спорттың күш-қуатқа негізделген түрлері бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтті.
«Түйе түлігінің жыл санаудан қалай құр қалғанына аңыздан қанықпыз. Тұла бойына адам тіршілігі үшін қажетті дүниелерді тұтастырған осы бір адал, момын, кербез түліктің жолы өмірде шынымен шектеліп қалды. Шет қалу, еленбеу, бауырынан саулаған аста-төк ақ сүтінің, одан дайындалған шұбатының құнары белгілі болса да, құны болмау, тағысын-тағылар...»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санындағы «Ішсең - шұбат, жесең - ет, мінсең - көлік» деген мақаласында. Бұл мақалада түйе шаруашылығын дамыту тасада қалып келе жатқаны көтеріліп отыр.
***
«Айқын» басылымында «Тұсауын Елбасы кескен ұл» деген мақала жарияланды. «Бір кезде Елбасымен түрлі шараларда кездесіп, батасын алған балалар бүгін қайда жүр? Нендей жетістікке жетті, қандай биікті бағындырды? Жалпы, олардың өмір жолы қалай өрілді? Осы мақсатпен сұрау салғанбыз. Бір сәттік жүздесу, бірер минуттық тілдесу балғындардың тағдырын өздері де күтпеген тосын арналарға бағыттапты! Қазір олар еліміздің әр түкпірінде, қоғамның сан саласында қызмет атқаруда. Кейбірі әлемнің белді университеттерінде білім алып жүр. Елбасының алдында талантымен танылып, разылығына бөленіп, алғысын алып, тілегін тыңдаған балалардың ішінде өмірде де, өнерде де бағы жанғандары баршылық»,-деп жазалы газет. Білім мен тәрбиеге ақыл мен қайратты ұштастырып, белгілі бір белесті игерген кешегі балалардың, бүгінгі даралардың жетістігін елге таныту үшін Президенттің Баспасөз қызметі мен «Айқын» газеті «ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ПЕРЗЕНТ» атты жобаны жүзеге асыруда. Айдардың бүгінгі кейіпкері - Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжінің студенті Ислам Асқаров.
Осы басылымның жазуынша, кеше Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Қазақстанның қаржы нарығындағы ахуал тақырыбында журналистермен кездесу өткізді. Төраға мен Алматы журналистері арасындағы әңгіме кешегі Елбасы Жолдауынан бастап айналымға енуі кешеуілдеп жатқан 20 мыңдық банкнотқа дейін жалғасты.
Кездесудің әлқисасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан басталды.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының әзірленіп жатқаны белгілі. Осы орайда Ұлттық банк 2014 жылы экономиканың өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету, ЖІӨ-ді жан басына шаққанда 14,5 мың АҚШ долларына жеткізу бойынша жауапты орындаушылардың қатарында екені белгілі. Жылдық инфляцияны 3-4 пайыз көрсеткіште төмендету бойынша шаралар кешенін әзірлеу, қаржы секторын 2030 жылға дейін дамытудың тұжырымдамасын әзірлеу де Ұлттық банктің міндетіне кіретіні белгілі болды. Бұл туралы «Келімбетов журналистермен кездесті» деген мақалада толық берілген.
«Айқын» басылымының жазуынша, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Елбасы Жолдауындағы өңір басшыларына қойылар міндеттерге кеңінен тоқталды. Иманғали Нұрғалиұлының байламынша, биылғы Жолдау - осынау орталық ойды саралап, оның әрбір түйінін жаңалап тұрған, халық болып бірігіп, қоғам болып жұмылып атқарар ең басты құжат. «Оның тақырыптық аты да елдің бүгінгі бабын, ертеңгі затын айқындап тұр. Елбасымыз оған жетудің рухани тоқтамын ғана емес, белгіленген межені 7 «бесжылдыққа» бөлген нақты жоспарын көрсетіп берді. Мұны өзі еселі еңбек пен тынымсыз тірліктің, ел болып жұмылған ынтымақ пен береке-бірліктің нәтижесінде келетінін кесіп айтты. Ең маңыздысы - 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіріп, экономикасы қуатты, дамуы тұрақты елге айналу! Болашаққа көз тігіп, тәуелсіз жерді «Мәңгілік ел» етудің Ұлы жолына түсу!». Бұл туралы басылымдағы «Ұлттық идеяны тұжырымдап берді» деген мақалада берілген.