«Түсіктің түрі көп, бірақ бәрі де қауіпті» - республикалық басылымдарға шолу

***
Монаконың Жоғары мәртебелі ғизатты Князі Албер ІІ Қазақстанға ресми сапар жасайтын болады. Аталған шара аясында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Монако Ханшайымы Грей Келлидің дәуірі» атты көрме өтеді деп күтілуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен үстіміздегі жылдың 2-5 қарашасы күндері Қазақстанға ресми сапар жасайтын Монако Князьдігінің басшысы Албер ІІ Астанада ғана емес, сонымен қатар, Алматыда да болады екен. Ресми сапар аясында бірқатар жоғары деңгейдегі кездесулер өткізіліп, қызғылықты мәдени шаралар ұйымдастырылатыны белгілі болып отыр. Соның бірі - елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында үстіміздегі жылдың 4-30 қарашасы аралығында өтетін «Монако Ханшайымы Грейс Келлидің дәуірі» атты көрмесі. Аталған сапар аясындағы мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Монако князінің сапары» атты материалда.
Осы басылымның жазуынша, соңғы жұма Алматыға еліміздің әр қиырындағы ең үздік ұстаздарды жинады. Алғаш рет оңтүстік астанада «Қазақстанның ең үздік ұстаздарының кеші» атты республикалық форум өтті. «Алматының қақ ортасындағы «Rixos» қонақүйі - қай жағынан алсаң да салтанаты келіскен ең заманауи ғимараттың бірі. Елімізге келген әлемнің айтулы қонақтары мен ауқаттылары дәл осындай беделді жерге түскенді тәуір көреді. Бұл жолы қымбат брендті отель еліміздегі ең қадірлі мамандық иелері - мұғалімдерді қарсы алуға барынша дайындалған екен. Қымбат қонақүйдегі ең сәнді салтанат залы үздік мұғалімдерді ғана емес, зияткерлік және шығармашылық элита мен БАҚ өкілдерін жинаған ғажайып кеш болды. Әрине, еліміздегі мұндай дәрежедегі кешті өткізуге Білім және ғылым министрлігі ұйытқы болды. Ал «Жылдың үздік ұстазы-2012» атағына лайық жандар кәсібилігімен және сол кәсіпке деген сүйіспеншілігімен, адалдығымен, мұғалімдік дарынымен, шәкіртіне деген ерекше қарым-қатынасы сияқты бірқатар қағидаттар өлшемімен анықталған»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Елбасының барша ұстаздар қауымына арнаған құттықтау сөзін жеткізіп, «Үздік педагог-2012» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл жөніндегі материал басылымда «Миллионер мұғалімдер - алғашқы ақсүйектер балының қадірлі қонақтары» атты тақырыппен жарияланды.
***
«Жас қыз түсік жасапты» деген сөзді естісек, селт етпейтін болдық. Жасанды түсікке бұрын үрке қарасақ, бүгін бұл қалыпты жағдайға айналды. Әлем бойынша жасалатын түсіктің салдарынан көз жұмған нәзік жандылардың 14 пайызының жасы 20-ға толмаған бойжеткендер екен. Жалпы, жер-жаһанда жылына 45 миллион түсік жасалады, ал оның 19 миллионы әйелдің денсаулығына зақым келтіреді. 5 миллионға жуық әйел түсік салдарынан дертке шалдыққан»,-деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында. Кей деректерге сүйенсек елімізде жыл сайын 200 мыңға жуық шарана жарық дүниені көрмей-ақ, ана құрсағында тұншығады. Өзекті мәселені көтеріп отырған бұл мақала газетте «Түсіктің түрі көп, бірақ бәрі де қауіпті» атты тақырыппен берілді.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Ақтаудағы сот тағы да қандай деректердің бетін ашты?» атты мақала жариялап, көкейкесті мәселе көтерді. Басылымның жазуынша, Ақтауда «Алғаның» мүшелері В.Козлов пен С.Сапарғалиға, мұнайшылар ереуілінің белсендісі А.Әминовке қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы аяқталды. Айыптау бойынша, олардың, шын мәнінде, әлеуметтік араздықты туғызғаны, халықты соған үгіттегені, Әблязовтің зорлық-зомбылыққа жетелейтін тапсырмаларын орындағаны анықталды. Сот қоғам алдында бұдан басқа қандай деректердің бетін ашып берді? Бұл тұрғыда кәсіби сарапшылардың пікірі қандай. Осы мәселелерді жан-жақты талдау мақсатында газет тілшісі сот барысында келтірілген деректерді жіпке тізгендей тізіп берді.
Осы басылымның бүгінгі «Ой-көкпар» айдарында «Бюджет саласындағы қызметкерлердің желілік маркетингпен айналысуына мүлдем тыйым салу керек пе?» деген тақырып талқыға түсті.
Расында да бүгінде желілік маркетингке жұмысқа тартушылар да, оған өз еркімен кірушілер де, біреудің күштеуімен барушылар да жетерлік. Оның себебі сан қилы. Біреулер үшін ол жалғыз ғана күнкөріс көзі болса, екіншілер бұл кәсіпті қосымша табыс ретінде пайдаланады. Бірақ кей мекемеде басшылардың желілік маркетингке қол астындағыларды мәжбүрлеп тарту оқиғалар да жиі кездесуде. Мұндай келеңсіз жайтты болдырмас үшін, бәлкім, бюджет қызметкерлерінің желілік маркетингпен айналысуын шектегеніміз жөн болар? Бұл сұраққа «Иә» деп Мәжіліс депутаты Майра Айсина жауап берсе, «Жоқ» дегенге өз пікірін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің басшысы Гүлдана Сапарғалиева жеткізді.