«Түстен кейін ес жинау немесе кінәні журналистерге жабу» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 25 шілде, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Түстен кейін ес жинау немесе кінәні журналистерге жабу» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Денсаулық сақтау министрлігінде кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Онда жылдың алғашқы жартысының қорытындылары шығарылып, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында тапсырылған міндеттердің жайы сөз болды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Адамның саулығы - қоғамның байлығы" деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, жиын барысында ведомство басшысы С.Қайырбекова ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар жайында толыққанды баяндама жасаған.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, академик Ибадулла Үмбетаевпен арадағы сұхбат «Мақта - агротехнологиялық қателікті кешірмейтін дақыл» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалында тұщымды жауап берген ғалым: «Қазіргі таңда ауылшаруашылық дақылдар өсірілетін алқаптар ауыспалы егіс назарынан тыс қалып қойды. Оның басты себебі - бөліске түскен жер ұсақ қожалықтарды құрайды. Екіншіден, жыл сайын мақта себілген соң, топырақ құнарлылығы да төмендеп кетеді. Сондықтан да топырақ құнарлылығын төмендетпей, мақта өнімін ұлғайтуда ауыспалы егістің маңызы үлкен екені бәрімізге белгілі», - дейді. 

«Құрылыс істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюктің "жерден жеті қоян тапқандай", "құрылысты салуға өте ірі компанияларға ғана рұқсат беру керек, барлық дамыған елдерде солай" деген мәлімдемесі жұртты естен тандыра таңғалдыруда», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, Тихонюк мырза құрылыс нарығында болып жатқан мәселелерде журналистердің кінәсі көп, тәртіп жасауға көмектесудің орнына, олар құрылыс салушыларды қолдау үшін популистік мақалалар жазған деп санайды екен. Толығырақ «Түстен кейін ес жинау немесе кінәні журналистерге жабу» деген мақалада баяндалған.

***

Қарағанды облысындағы Ақшатау елді мекенінің кезінде дәурені жүріп тұрған еді. Мұндағы кен байыту фабрикасының үні өшкелі бері мұнда кенттің келешегіне балта шабылған күн болды. Жұртты тығырыққа тіреген толқымалы 90-жылдармен бірге вольфрам мен молибден берген Ақшатау кентінің шайқап ішіп, үріп төккен күні де келмеске кетті. Ал кеніштен қалған жұрт Ақшатаудың азын-аулақ тұрғынын дімкәс қылуға айналды. Ашық айтсақ, фабрика жабылғанда, жамырай шашылған өндіріс қалдықтары қамсыз отырған жұртты қапыда қалдырып отыр. Оның халық арасында қатерлі ісіктің етек алуына әкеліп соққан жайы бар. Ақшатаулық ағайынға экологиялық қауіп төніп тұр. Бұл туралы «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Радоннан қауіп төніп тұр» деген тақырыптағы мақалада баяндалады. 

Осы басылымның жазуынша, Алматы мен Ташкенттегі Гете институтының мамандары мұздықтардың дыбысынан әуен құрастырмақ. Бұл туралы Алматыдағы Гете институтының мамандары хабарлаған. Олар алдымен Іле Алатауының солтүстік бетіндегі Тұйықсу мұздарының еру дыбысын таспаға жазып алмақ. Арнайы тәжірибесі бар мамандар бұл дыбыстардан әуен құрастырады. Осылайша, Гете институты эстетикалық әдіспен ғаламдық жылыну мен су тапшылығы мәселесіне әлемнің назарын аударғалы отыр. «Қазіргі ауа райы мен қоршаған ортадағы өзгерістер және су тапшылығына қатысты әлемдік проблемалар күннен-күнге кең өріс алып барады, әсіресе Орталық Азияда», - дейді жоба авторлары. «Мұздықтар әуені» жобасы сол себепті біздің өңірден басталып отыр.

***

«Шекарашы Владислав Челахқа қатысты сот-психологиялық сараптама нәтижесі дайын екендігін оның қорғаушысы Төлеген Берліқожанов мәлім етті», - деп жазады «Время» газеті бүгінгі санындағы «Тайное скоро станет явным»  деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, сараптама дүйсенбі күні дайын болған. Дегенмен оның нәтижесі әлі де болса жарияланған жоқ. «Мен дүйсенбі күні істі жүргізетін тергеушімен сөйлесіп, бірқатар сауал қойдым. Ол сәл кейінірек В.Челахпен кездестіретінін мәлімдеді. Сараптама қорытындысына қатысты айтар болсам, оны тергеуші бізге таныстыруы керек. Бірақ қашан екені белгісіз», - дейді күдіктінің адвокаты.