Тұтас халық қана біріге отырып жетістікке жете алады
2015-2016 жылдары «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша әр қадамда көрсетілген мақсаттарды заңмен бекіту қажет болды. Соған байланысты еліміздің 60-тан астам қолданыстағы заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заманауи талаптар туындатқан бірқатар жаңа заңдар да қабылданды. Қазір оның бәрі заң жүзінде іске асырылуда. Елдің өсіп-өркендеуіне үлкен серпіліс болу үшін Мемлекет басшысы 2012 жылғы Жолдауында 2050 жылға қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу туралы жаңа бастама көтерді. Бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін міндет. Яғни, Елбасы биік межені белгілеп берді. Оны бағындыру үшін мемлекеттің де, халықтың да жаңа белеске көтерілуі, бүгінгі деңгейден анағұрлым жоғары тұруға ұмтылуы қажет.
Кешенді реформалар жасап, экономикалық өсімнің тұрақтылығын сақтап, мемлекетті қанша дамытсаңыз да, халықтың ой-өрісі, парасат-пайымы жаңа деңгейге көтерілмесе, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылыс жасамаса, онда елдік мақсат-мұраттың да жүзеге асуы қиын.
Елбасы қандай істі қолға алған кезде де халқымен ақылдасып отырады. Жыл сайынғы жолдауларында алдағы іс-шаралардың бағытын айқындап береді. Ал биыл сәуір айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев көкейдегі ойын халқымен бөлісті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын ел назарына ұсынды.
«Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы бүгінгі заман талаптарына сай жаңғырған қоғамның ғасырлар бойы тамыр тартқан тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болатынын ескертеді. Осы жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодыңды сақтай білу екенін ашып айтқан.
Елбасының ұстанған саясатына сәйкес біздің елде ұлтына, дініне, нәсіліне қарай бөлінбейді. Бәрінің де құқығы бірдей. Сондықтан да жүзден астам ұлт пен ұлыс бір шаңырақтың астында біртұтас Қазақстан халқын құрап отыр. Қазақстан Президенті аталған мақаласында өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болғанын, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылғанын және ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалғанын атап өткен болатын.
Елбасы мақаласында «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», - дейді. Осы ойын өрбіте келіп, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек екенін алға тартады.
Елбасы жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімнің жоғары болуы тиіс екенін үнемі айтып келеді. Осы мақаласында да бұл мәселеге тоқталып өткені белгілі. Біртұтас елде патриоттық сезім де дінге, ұлтқа бөлінбейді.
Мемлекет басшысы өз ойын қорыта келе, қазіргі шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отырғанын, сол мүмкіндіктен айырылып қалмауымыз қажет екенін еске салады. «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін», - деп өз пайымын түйіндейді.
Бүкіл қазақстандықтарға, соның ішінде жастарға арнайы үн қатып отыр. Осы жолда бізді адастырмайтын да, мақсаттарымызды баянды ететін де рухани байлығымыз, мәдени құндылықтарымыз. Заманның жаңа, өркениетті жаңаруына лайықты бола білген елдің халқы қиындықтарды да жеңеді, табысқа да жетеді. Өйткені, рухани жаңғыру - еліміздің жаңа белеске көтерілуіне серпіліс беретін күш.